Бәйгеден алты көлік ұтқан 8 жастағы жетісулық шабандоздың анасы: Тақымымды қысып отырамын
Жарияланған күні:
8 жастағы жетісулық шабандоз Хамза Амангелдінің бәйгедегі жетістіктері көпті таңғалдырып жүр. Қазақстандағы ең жас шабандоз үш жасынан атқа мініп, бес жасынан бәйгеге шабады. Ол осы күнге дейін бірнеше қымбат көлікті қанжығасына байлап үлгерді. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі жас шабандоздың өзімен және анасымен аз-кем тілдесті.
Хамза - Жетісу облысы Жалғызағаш ауылының тумасы. Әкесі Марлан мен анасы Динара оны туғанынан нағыз ер етіп тәрбиелеуге күш салуда. Анасының айтуынша, Хамзаның атқа қызығушылығы бір жасында-ақ біліне бастаған.
"Бір жасында оған сыйлыққа ағаш ат берген, соған мініп, ойнап, атқа деген қызығушылығы пайда болды. Өзі бес жасынан бастап бәйгеге шауып жүр. Алғаш рет 7 жасында Беріктас ауылының 50 жылдығына арналған бәйгеде әкесі баптаған қолтума ат Жұмыртұяқпен көлік ұтты. Биыл үш автокөлік ұтты, жалпы алты көлік алып берді", - дейді Динара.
Хамзаны бәйгеге шабуға атбегі әкесі баптайды. Анасының айтуынша, бәйгелерде алған жүлделердің 30 пайызы Хамза мен әкесінің еншісі болса, қалғаны ат иесіне тиесілі.
"Жұмыртұяқ екеуінің жаны бір сияқты. Ол өзіне салмағы ауырлау басқа бала мінсе, бұлай шаппайды. Былтыр жылдың ең үздік жас шабандозы атағын алды. Биылғы ең үлкен жүлде - қыркүйектің басында Үштөбе қаласында өткен Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойындағы аламан бәйгеде ұтқан Toyota Land Сruiser 300 көлігі", - дейді Динара.
Шабандоздың анасы баласы бәйгеге түскенде өзі шапқанмен бірдей әсерде болатынын жасырмайды.
"Әрине, балам бәйгеге кеткенде қорқамын, далада жатқан балам жоқ қой. Тақымымды қысып отырамын. Уайымдаймын, өзім шапқанмен бірдей болады", - дейді ол.
Сегіз жастағы шабандоздың алға қойған мақсаты айқын, ол осы ат спортының дамуына үлесімді қоса берсем дейді.
"Кез келген атқа шап десе шауып беремін, кей кезде ұтасың, кейде ұтыласың. Бәйгеге қатысып жүргеніме биыл, міне, үшінші жыл. Бес жасымда тәжірибем аз болды, кейін әкемнің үйретуімен жақсы шаба бастадым", - дейді жас шабандоз.
Хамза алдыңғы буын ағасы, Еуропаның үздік шабандоздарының бірі Бауыржан Мырзабаевтың жолын қуғысы келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036718-baigeden-alty-kolik-utqan-8-zastagy-zetisulyq-sabandozdyn-anasy-taqymymdy-qysyp-otyramyn/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.