Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түк те қиындық тудырмайды": кентаулық әйел кез келген техниканың қозғалтқышын бұзып, жинай алады (видео)

Опубликовано:

Айшакүл Кенжебекова
Айшакүл Кенжебекова. Видеодан кадр: "Хабар24"

Кентаулық Айшакүл Кенжебекова – кез келген техниканың қозғалтқышын бұзып, қайта жинаудың хас шебері. Қазіргі уақытта екі баланың анасы, екі немеренің әжесі трансформатор зауытында жұмыс істейді, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Телеарна мәліметінше, зауыттағы барлық техника мен қондырғының істен шыққан қозғалтқышы мотор ораушы Айшакүл Кенжебекованың қолынан өтеді.

Ол краннан бастап, темір кесетін, жонатын, жинайтын, сырлайтын құрылғылардың күйген қозғалтқышын басынан бастап қайта жинап шығады. Шебердің сөзінше, егер бір жерінен мүлте кетсе, қозғалтқыш қосылмайды. Ол кезде бірнеше күнгі еңбек зая кетеді. Дайын болған қозғалқышты да өзі дәнекерлейді.

"Сварка жасау қолымнан келеді. Үйде де дәнекерлейтін жерлер болса оны да істеп кете беремін. Ол маған түк те қиындық туғызбайды", - дейді мотор ораушы Айшакүл Кенжебекова.

Айшакүлдің әріптестері оны адам, маман ретінде сыйлайтындарын, жастарға қолынан келгенін бәрін үйрететінін атап өтті.

"Айшакүл - маман ретінде де, адам ретінде де өте жақсы келіншек. Біз осы цехта 10 жылдан аса уақыттан бері бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Өз жұмысын жақсы біледі. Әсіресе, жас мамандарға қолынан келгеннің бәрін үйретеді. Еш жалықпайды. Сондықтан оған бәрі үйірсек келеді", - дейді мотор ораушы Наталья Рупчева.

Айшакүлдің еңбегін зауыт басшылары да бағалайды. Әр мереке сайын сыйақы беріп, көтермелеп отыратындарын айтады. Себебі Айшакүл сияқты мамандар өте сирек дейді олар.

"15 жыл болды бізде қызмет істеп жатқанына. Айта кетейік, қаланың өзінде осындай мамандар өте сирек. 4-5 адам бар, соның бірі - осы кісі. Өте күрделі моторларды орайды. 22 кВт, одан да жоғарыларын орайды. Сол себептен өте үлкен маман", - дейді цех басшысы Бейсенәлі Жақсылық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037451-tuk-te-qiyndyq-tudyrmaidy-kentaulyq-aiel-kez-kelgen-qozgaltqysty-buzyp-zinai-alady-video/

pixel