Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте мешіт жанынан студенттерге тегін жатақхана ашылды (фото)

Опубликовано:

ашылу рәсімі
Студенттер үйінің ашылу рәсімі. Фото: ҚМДБ баспасөз қызметі

Шымкенттегі орталық мешіт ауласында Студенттер үйі ашылды. Оған жергілікті жоғары оқу орындарында оқитын 10 студент қабылданды. Айта кетерлігі, жатақханада тамақ пен жатын орын тегін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алдағы уақытта әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерге арналған жатақхананы барлық облыс орталығынан ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шымкентте орталық Aq meshit мешіті ауласында орналасқан Студенттер үйінің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

Жатақхана
Студенттер үйінің ішкі көрінісі. Фото: ҚМДБ баспасөз қызметі

"Бүгін біз діни саладағы ерекше оқиғаның куәгері болып отырмыз. Осындай сәтке жеткізген Аллаға шүкір айтамыз. Мен жыл басында өзімнің еліміздегі барша дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарлық баяндамамда республикалық маңызы бар 3 қаладан, сонымен қатар облыс орталықтарынан әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге арналған қайырымдылық негізінде мүфтият жатақханаларын ашуды тапсырған болатынмын. Аллаға шүкір, бүгін бастаған ісіміздің нәтижесін көріп отырмыз", - деді ол.

Бас мүфти бүгінде жатақхана тапшылығы қоғамдағы күрделі мәселелердің біріне айналғанын атап өтті.

"Қалаға оқу іздеп келген жеткіншектер үшін жатақхана ауадай қажет. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер үшін пәтер жалдау – қиынның-қиыны. Осы бір келеңсіз жағдайдың оң шешімін табу үшін жатақхана ашуды жөн көрдік", - дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, бұл жатақханаға көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасынан айырылған студенттер қабылданады. Жатақханада шәкірттердің алаңсыз білім алуына жағдай жасалған.

"Алла қаласа, мұндай ғимараттар еліміздің әр өңірінен ашылып, еліміздегі жатақхана тапшылығын азайтады деп сенемін. Білім, діни ілім жолындағы жастарға көмектесу – үлкен сауапты істердің бірі. Дініміздегі үлкен ғұламаның бірі Ибн Мубарак бір сөзінде: "Мен пайғамбарлық мәртебеден кейінгі білімді жаю мен білім ізденушілерге көмек беру, олардың күнкөріс қамын уайымдамай, еш алаңдаусыз білімдеріне ден қоюларына жәрдемдесуден абзал мәртебені білмеймін" деген екен. Ғалым бұл сөзі арқылы білім жолындағы жастарға көмектесуді пайғамбарлық мәртебеден кейінгі орынға қойып тұр. Білім алушыға көмектесу дегеніміз – ілім үйренуші адамның сауабындай сауапқа кенелу деген сөз. Алла Тағала игі іске үлес қосқан барша азаматқа мол сауаптан жазсын", - деп алғыс айтты бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлы
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы студенттермен бірге. Фото: ҚМДБ баспасөз қызметі

Студенттер үйіне жергілікті жоғары оқу орындарында оқитын 10 студент қабылданды. Тамақ пен жатын орын тегін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037955-symkentte-mesit-zanynan-studentterge-tegin-zataqxana-asyldy-foto/

pixel