Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өтірік уәдеден шаршадық": Атырауда апатты үйдің тұрғындары жанайқайын жеткізді (фото)

Опубликовано:

апатты үй
Апатты үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атырауда өмір сүруге қауіпті үйде күн кешіп жатқан 8 отбасы үйіндінің астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр. 10 жыл бұрын апатты болып танылған екіқабатты үйдің тұрғындары наразылық білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Стаханова 3 "А" мекенжайында орналасқан қамыстан салынған үй өткен ғасырға тиісілі. Төбесі тесік, қабырғасы сөгілген екі қабатты ғимарат бірнеше рет апатты болып танылған. Билік басындағылар жыл сайын көшіруге уәде беріп, оны орындамай келе жатқанына ондаған жыл болды дейді тұрғындар.

апатты үй
Апатты үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Біздің апатты үйді көруге келмеген адам жоқ. Уәделерін төгіп кетеді, тілшілер де келіп бірнеше рет сюжет жасаған. Бірақ ешбірі нәтижесіз. Әкімдік пен ЖКХ-ның табалдырығын талай тоздырдық. Алдыңғы жылы құрылыс компаниясы осы жерге жаңа үй салып, соған көшіреміз деп әкімдіктегілер уәде еткен. Одан да әлі хабар жоқ. Ең қажет деген заттарымызды, құжатымызды бір чемоданға салып қойдық. Қандай да оқыс оқиға бола қалса далаға шығып кетуге дайын отырмыз. Өйткені үйдің тәуір жері қалмады. Жаңбыр жауса төбемізден су ағады, қабырғалар дірілдейді", - дейді үйдің тұрғыны Людмила Сангинова.

Атырау тұрғыны
Атырау тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қауіпті үйді зейнеткерлерден бөлек кішкентай балалары бар жас отбасылар да паналап отыр. Айтуларынша, үйлеріне жөндеу жүргізудің өзі қорқынышты, көршілердің бірі ас бөлмесіне кафель қондырып жатқан кезде бір жақ қабырға түгелімен түсіп қалған.

"Үйге кондиционерді әрең қондырттық. Ешқандай жөндеу жасай алмаймыз, бәрібір түсіп қалады, қабырғаға шеге тұрмайды. Үйдің сыртын бірнеше рет бетонмен сыладық. Бірақ бір жаңбырдан кейін шайылып қалды. Шыны керек, бұл жерді көрмеген адам жоқ, галстук кигендердің бәрі келді. Уәдені үйіп төгеді де, кейін жоқ болып кетеді. Өтірік уәдеден шаршадық", - дейді үй тұрғыны.

Атырау қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев Стаханова 3 "А" мекенжайы тұрғындарының тағдыры алдағы қыста нақты шешілетінін жеткізді.

"Үй 10 жыл бұрын апатты болып танылған. Жыл соңына қарай тұрғындарды көшіру жоспарымызда бар. Қазіргі кезде жеке құрылыс компаниялары салған үйлерден пәтерлер қарастырылуда. Кейін конкурс ұйымдастырылады, соның қорытындысымен нақты қай үйлерден берілетіні белгілі болады. Бұл үйден бөлек тағы екі апатты үйдің тұрғындары да жыл аяғына дейін көшіріледі", - деді Рафхат Жолдиев.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038154-otirik-uadeden-sarsadyq-atyrauda-apatty-uidin-turgyndary-zanaiqaiyn-zetkizdi-foto/

pixel