Оқушыларды бір дөңгелегі жоқ көлікпен тасымалдаған атыраулық жүргізуші жаңа автобус мінді (фото)
Жарияланған күні:
Атырау мектептері америкалық стильдегі жаңа автобустарға ие болды. 15 автобустың бірі жақында оқушыларды бір дөңгелегі жоқ көлікпен тасымалдап, желіде қызу талқыланған автобус жүргізушісіне берілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Атырау облысында балалар кейбір шағын ауылдарда мектеп болмауына байланысты көрші елдімекендердегі мектепке арнайы автобуспен қатынап оқиды. Алайда көп мектепте автобустар ұзақ уақыттан бері жаңартылмаған. Жақында қала сыртындағы Жаңаталап ауылының жүргізушісі бір дөңгелегі жоқ автобуспен балаларды тасымалдағаны желіде қызу талқыланған еді.
"Жаңа Қазақстанның жаңа автобустары, "Балалардың өмірі, қауіпсіздігі қызықтырмай отыр ма бұларды? Мынау масқара ғой" "Мұнайлы астана", - деп жазған пікірде желі қолданушылары.
Сол жүргізуші кеше облыс әкімінің қолынан су жаңа автобустың кілтін алды.
"Ескі автобусымыз жиі істен шығып қалатын, мектептегі қызметкерлермен бірге бәріміз жабылып оңдайтынбыз. Сол күні балаларды сабаққа әкеле жатқан кезде автобустың бір дөңгелегі түсіп қалды. Мекетепке дейін жолда автобустардың тегершігін жөндейтін жер жоқ. Балаларды сабақтарынан қалдырмай қалай болса да жеткізіп салып содан кейін жөндеуге апарамын деп ойлағанмын. Соның арасынша біреу фотоға түсіріп алып желіге таратып жіберіпті. Ал міне бүгін су жаңа автобусты табыстап жатыр. Бәрінен бұрын ішінде балаларға барлық жағдай жасалғаны қуантады", - дейді Жамбыл орта мектебінің жүргізушісі Бисен Сатыбаев.
Жаңа автобустарды сатып алу үшін жергілікті әкімдік 1,4 млрд теңге қаржы бөлген. Қазан айында тағы 8 автобус сатып алынбақшы. Техника Алматы қаласынан жеткізілді. Заманауи үлгіде жасалған көлік 36 орынға шақталған. Жаңа автобус ерекше балаларға арналған көтергішпен, бейнебақылау камерасымен, "cтоп" батырмасымен, салқындатқыш және жылыту пешімен жарақталған.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038341-oqusylardy-bir-dongelegi-zoq-kolikpen-tasymaldagan-atyraulyq-zurgizusi-zana-avtobus-mindi-foto/