Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралда республикалық аналар кеңесінің екі күндік форумы басталды

Опубликовано:

Республикалық аналар форумы
Фото: БҚО әкімдігі

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді әйелдер алдымен "Достық үйінде" болып, шараның ашылу рәсімін салтанатты түрде атап өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, ҚХА жанындағы республикалық аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи және әр саланың майталмандары қатысып, қоғамдағы қыз-келіншектердің рөлі хақында ой өрбітті.

Аналар кеңесінің жұмысы 2013 жылы басталған еді. Бүгінде еліміздің өңірлерінде дәл осындай 1700-ден астам қоғамдық ұйым құрылған. Оның ішінде 178-і аудандарда, 1302-сі ауылдық округтерде. Кеңес әйелдер құқығын қорғау, отбасы құндылығы мен бала тәрбиесіне мән беру, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау бағытында жұмыс істейді.

Республикалық аналар форумы
Фото: БҚО әкімдігі

"Қазір қоғамда ең өзекті болып тұрған бірқатар мәселе бар. Мысалы, вейп пен еліткіш заттардың саудасы салдарынан жасөспірімдер зардап шегіп жатыр. Біздің кеңес осы бағытта профилактикалық шараларға мұрындық болуға атсалысады. Былтыр вейп айналымына қарсы петиция жариялаған едік. Оған 20 мыңнан атсам қол жинап, мемлекет басшысына ұсынғанбыз. Президентіміз Құрылтайда да, кешегі Жолдауында да осы жайтқа тоқталып өтті. Біз өскелең ұрпақ тәрбиелеуде қандай да мәселе туындаса, оны қоғам болып шешуге күш саламыз. Осындай форумдар кезінде өңірлердегі ахуалға зер салып, көпшіліктің ұсыныс-пікірлері негізінде жұмыс жоспарымызды құрамыз", - дейді республикалық аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи.

Батыс Қазақстан облысында аналар кеңесінің жұмысы жүйелі. Аймақта осындай қалалық, аудандық және ауылдық 157 ұйым құрылған. Олардың әрқайсы белсенділік танытуда. Форумда облыстық аналар кеңесінің төрағасы Шалқыма Құрманалина аймақтың "Алтын қор" тізіміне енген әйелдерді атап өтіп, жұртшылыққа таныстырды. Олардың қатарында "Алтын алқа" иегерлері, білім, медицина, құқық, мәдениет салаларының ардагерлері бар.

Республикалық аналар форумы
Фото: БҚО әкімдігі

Кейін форум қатысушылары "Салтанат сарайына" барып, қазақтың салт-жоралғыларын дәріптеді. Атап айтқанда, келін түсіру, сәбиді бесікке салу, тұсаукесер рәсімдері жасалып, ұлттық музыкалық шығармалар орындалды.

"Осындай форумдар арқылы апа-әжелерімізден үлгі-өнеге аламыз. Әсіресе, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып жатыр. Біз олардан көп нәрсе үйрендік. Алдағы уақытта да үйренеріміз көп деп ойлаймын", - дейді қала тұрғыны Айнагүл Қаммат.

Республикалық аналар форумы
Фото: БҚО әкімдігі

Ал форум сессиясында әр өңірден келген делегаттар тәлім-тәрбиеге қатысты баяндамаларын оқыды. Форум екі күнге созылады. Екінші күні де сессия болып, кейін алдағы жоспардың басым бағыттары бекітілмек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038767-oralda-respublikalyq-analar-kenesinin-eki-kundik-forumy-bastaldy/

pixel