Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде әкімдік ғимаратын басып алу ісі бойынша сот отырысы басталды

Опубликовано:

сот отырысы
Сот отырысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгін, 29 қыркүйекте Алматының Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде қала әкімдігінің ғимаратын басып алу ісі бойынша сот отырысы басталды. Қылмыстық іс бойынша 11 айыпталушы сот алдына келді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айыпталушылардың біреуі қамауда, ал тағы біріне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Алғашқы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Ахат Естібек 11 күдіктіге қатысты айыптау актісінің мазмұнын оқыды.

Айыпталушылар Қылмыстық кодекстің 272 бабы 2 бөлігі, (Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiкке қатысу) және Қылмыстық кодекстің 269 бабы 3 бөлігі (Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына, өзге де коммуникацияларға шабуыл жасау, сол сияқты оларды басып алу адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; бірнеше рет; өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып, қаруды не қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып, пайдакүнемдiк ниетпен немесе жалдау бойынша, мемлекеттiк органдардың немесе мемлекеттiк мекемелердiң ғимараттарына қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер) бойынша күдікті деп танылған.

Кейін қылмыстық істі қараған судья Ерлан Болатов айыпталушыларға сөз берді. 11 адамның 7-і тағылған айыпты жартылай мойындаса, төрт айыпталушы мүлде мойындамайтынын айтты.

Сондай-ақ судья сот тергеуінің ретін бекітті. Оған сәйкес, келесі сот отырыстарында алдымен куәгерлерден, содан соң жәбірленушілер, одан кейін айыпталушылардан жауап алынады, ең соңында іс құжаттары қаралады.

Бүгінгі сот отырысында айыпталушы М.-ның қорғаушысы оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады.

"Айыпталушы М.-ның кәмелетке толмаған үш баласы бар, сондай-ақ ол отбасының жалғыз асыраушысы. Оның үстіне былтыр айыпталушының анасы қайтыс болған, жақында бір жылдық асын өткізбек. Соған байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын алып тастауды сұраймын", - деді қорғаушы.

Қатысушылардың талап-тілектерін тыңдап сот бұл өтінішті қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулы шығарды.

Келесі сот отырысы 10 қазанға белгіленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038769-almatyda-qantar-oqigasy-kezinde-akimdik-gimaratyn-basyp-alu-isi-boiynsa-sot-otyrysy-bastaldy/

pixel