Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы мектепте бала қадаға құлап, жарақат алған: Оқу-ағарту министрі жағдайға қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Телефон қарап отырған оқушылар
Телефон қарап отырған оқушылар. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев министрлер кабинетінде өткен брифингте Алматыдағы мектептердің бірінің аумағында бала үшкір қадаға құлап, қуығын жарақаттады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналистер министрден мұғалімдерге ескертілсе де, мектептердегі жазатайым оқиғалар туралы неге айтылмайтынын сұрады.

БАҚ өкілдерінің айтуынша, жақында Алматыдағы мектептердің бірінің аумағында бір бала екіншісін итеріп жіберген. Кейін оқушының бірі қадаға құлап, қуығын тесіп алған. Журналистердің сөзінше, мұғалімдер жедел жәрдем шақырмай, зардап шеккен баланы үйіне жаяу жіберген. Бұған қоса, итеріп жіберген бала оны үйіне жеткізген.

"Бұған жол берілмейді. Мектептерде тәрбие жұмысы мен қауіпсіздік шараларын күшейту керек. Әңгіме камералар туралы ғана емес, білім беру жүйесі қызметкерлерінің нормативтік құқықтық актілер мен әдістемелік алгоритмдерді мүлтіксіз сақтауын қамтамасыз ету туралы да болып отыр.

Онда баланы үйге жібермей, жедел жәрдем шақыру керектігі жазылған. Мұны білім саласының қызметкерлері жақсы біледі. Бұл жағдай Балалар құқығын қорғау комитетінің бақылауында", - деді Ғани Бейсембаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда сегіз мыңға жуық мектеп бар, десе де мұндай олқылықтар саны көп емес.

"Мұндай фактілер жекелеген мектептерде әлі де анықталуда. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тек бұл мектеппен ғана емес, барлық мектеппен жұмыс жүргізілетін болады. Балаларды қорғау комитетіне барлық өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын қайта жандандыру тапсырылды. Бұл тек құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету емес, мәселе қауіпсіздік стандарттарын біліп, оларды қолдану қажеттігінде", - деп түйіндеді сөзін министр.

Министр бұл факті бойынша тергеу басталғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айының соңында Астанадағы №14 мектепте бала баспалдақтан төменгі қабатқа құлап, ауыр жарақат алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040378-almatydagy-mektepte-bala-istikke-qulap-zaraqat-algan-oqu-agartu-ministri-zagdaiga-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel