Еңбек кітапшасы керек пе: министр Светлана Жақыпова жауап берді
Жарияланған күні:
Еңбек кітапшасы керек пе? Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында жауап берді, деп хабарлайды Қазақпарат.
Министрдің айтуынша, құжаты цифрлық нұсқаға көшірілмеген қазақстандықтардан зейнетке шығар кезде еңбек кітапшасы талап етіледі.
"Егер азаматтың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыс өтілі болса және ол жұмыс істейтін жерде кадр қызметі әлі цифрлық нұсқаға көшірілмесе, онда еңбек кітапшасы қажет болады. Ал жұмыс кезінде кадр бөлімі оның еңбек кітапшасын сандық нұсқаға ауыстырса және оны растаса, еңбек кітапшасын ұсынудың қажеті жоқ", - дейді Светлана Жақыпова.
Оның сөзінше, еңбек шарттары мен еңбек кітапшасын цифрландыруды көздейтін электрондық еңбек биржасы елімізде 2015 жылдан бастап қолға алынған. Дегенмен бүгінгі таңда заңда жұмыс берушіні еңбек кітапшасын цифрлық нұсқаға көшіруге міндеттейтін норма жоқ.
"Біз әрине, қазақстандықтардың құқығын қорғау тұрғысынан бұл норманы қатаңдатқымыз келеді. Өйткені бізде көптеген электрондық еңбек шарты жасалмайды. Егер Еңбек кодексінде электрондық еңбек шарты міндетті деген норма пайда болса, онда бізде "конверттегі жалақы" (еңбек шартын жасамай, қолма-қол жалақы алу – автор түсіндірмесі) болмас еді", - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040430-enbek-kitapsasy-kerek-pe-ministr-svetlana-zaqypova-zauap-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.