Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қорқынышын жеңуге көмектесеміз": алматылық келіншек тек әйелдерді оқытатын автомектеп ашты

Опубликовано:

Ұлдана Әділханқызы
Ұлдана Әділханқызы. Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

36 жастағы Ұлдана Әділханқызы Алматыда тек қыз-келіншектерге арналған автомектеп ашқан. Айтуынша, осы арқылы ол қоғамдағы әйелдердің көлік жүргізуіне қатысты қатып қалған стереотипті өзгертуге ниетті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ұлдана Әділханқызы жеңіл көлікті тізгіндеу - қыз-келіншектер үшін қажеттілік және заман талабы деп санайтындар қатарында. Өзінің де көлік рөліне отырғанына 9 жылдан асқан. Жұмыспен қатар баланы балабақша, мектепке апару, азық-түлік алу және кептеліске толы қала өмірінің легіне ілесу үшін де көлік таптырмас құрал екені анық. Десе де қоғамда, әсіресе ерлер арасында қалыптасқан түрлі стереотиптер көлік тізгіндеген әйелдерді көп жағдайда кемсітуге, тіпті түрлі жағымсыз сөздер айтып, буллинг жасауына, мысқылдауына әкеп соқтыруда, дейді ол. Көп ойлана келе, ол тек қана қыз-келіншектерге арналған көлік мектебін ашуды жөн көріпті.

"Әлбетте, қоғамда ерлер тарапынан әйелдердің көлік жүргізуіне қатысты жағымсыз пікірлер аз емес. Тіпті бұған ашық қарсылық танытатындар да баршылық. Бірақ көлік - әйелдер үшін қажеттілік. Жолдасы жұмыста болғанда балаларды түрлі үйірмелеріне, сабағына апарып-әкелу, азық-түлік алу, ауруханаға апару секілді тірліктер бүгінгі заманда көліксіз бітпейді", - дейді ол.

Ұлдана Әділханқызы
Ұлдана Әділханқызы. Фото: Ұлдана Әділханқызының жеке мұрағаты

Өзінің мамандығы психолог болғандықтан, Ұлдана өзінің мектебіне келген әйелдердің көлік жүргізуге байланысты қорқынышын жеңуде көмек береді екен. Жалпы бұл тұрғыда ер адамдардан гөрі әйелді әйел қолдағаны әлдеқайда тиімді деп санайды ол.

"Әдетте көлік мектептерінде инструкторлардың барлығы ер адамдар болады. Олар әйелдерге көлік жүргізуді үйреткенде әйелдердің психологиясын, қорқынышын ескермей жатады. Оларға бар ниетімен үйретуге ұмтылмайды. Оны өзімнен білемін. Манағы айтқан стереотиптерді басшылыққа алып, ер инструкторлар өздері оқытқан әйелдерге "шабуыл" жасап жатады. Ал әйел инструкторлар болса, бір-бірін жақсы түсінеді, психологиялық тұрғыдан демейді, қолдайды. Осы психологиялық қолдау методикасын негізге алып, автомектепті аштық. Қазір бізде әйелдер еркін, ешқандай стрессіз, қысымсыз көлік айдауды үйрене алады. Қорқынышпен жұмыс істейміз", - дейді ол.

Жалпы ерлер табиғатынан көлік жүргізуге өте икемді келеді, ал әйелдер болса, ережелерді жаттауға, теориялық білім алуға көбірек ұмтылады. Сол себепті олар ережелерді біліп тұрса да, кей кейде қорқынышы жеңіп кететін жайттар кездеседі, дейді Ұлдана. Сөзінше, сол себепті қорқынышпен жұмыс істеудің маңызы зор.

"Әйелдер ереже жаттауға келгенде, көлікті ережемен басқаруға өте ұқыпты, тиянақты екенін байқадым. Сондықтан "жол апатын көбіне әйелдер жасайды" деген сыңайлы сыңаржақ пікірлермен келісе алмаймын. Көлік айдайтын сауатты, білімді әйелдер өте көп. Жыл сайын көбейіп келеді және оларға бұл тұрғыдан көмектесіп, жүргізуші-әйелдерді дайындап жүргеніме қуанамын. Біздің түлектер бірден емтиханды жақсы тапсырып, жүргізуші куәлігін алып жатыр. Нәтиже жақсы", - деп бөлісті ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041279-kolik-aielder-usin-qazettilik-almatylyq-kelinsek-tek-aielderdi-oqytatyn-avtomektep-asty/

pixel