Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Заңды күшке ие емес, естелік ретінде беріледі": Нұрлан имам неке куәлігі туралы айтты

Опубликовано:

Нұрлан имам
Нұрлан имам. Скриншот: "Қызық премия" бағдарламасы

Ислам құндылықтарын желі арқылы насихаттап, көпшілікке танылған діндар, Астана қаласындағы Ырыскелді мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы некені мешіт пен АХАЖ-да қиғызудың айырмашылықтары туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Имамның айтуынша, неке Қазақстан заңнамасына сай тіркелу үшін АХАЖ-ға барып тіркелу дұрыс. Ал мешітте неке қиғызу бұл рәсімнің баламасы бола алмайды. Өйткені, еліміз Конституция бойынша зайырлылық бағытын, заң үстемдігін ұстанады.

"Елімізде мешіттерде жүргізілетін діни неке қию рәсімі діни жоралғылардың санатына жатады. Қиылған некені куәландыратын неке куәлігі некелесушілерге тек естелік ретінде беріледі. Ол куәлік Қазақстан Республикасы, АХАЖ бөлімінен берілетін неке құжатына тең келетін дәрежедегі заңды күшке ие емес.

Осыған орай, еліміздегі барлық мешіттегі неке қию рәсімі тек қана АХАЖ бөлімінің тіркеуінен кейін жүргізіледі. Себебі, некелесудің арғы жағында зор жауапкершілік, терең талап, өмірлік ұрпақ тұрады", - дейді Нұрлан қажы Байжігітұлы.

Дін маманы мешіттер қазір жұптардан діни жолмен неке қимай тұрып АХАЖ бөлімінде тіркеліп келуді талап ете бастағанын айтады.

"Неке ыстық сезім ғана емес. Кейбір жасырын некелесетіндер бар. Біз жасырын түгілі, тіпті заңды мемлекеттік отбасы болып тіркеуден өтуді талап етуге көштік. Неге? Себебі, отыз жыл ішінде осы мұсылман некесімен қаншама қым-қиғаш құрылған жас отбасылар мен салдарынан туындаған жаман жағдайлардың куәсі болып келдік. Сондықтан, некелесуді ашық түрде, яғни жария түрде жасау керек. Әсілі, некенің шарты да жариялылық. Әсіресе, екі жастың ата-аналары, туған-туыстары білгені жөн. Қазақы дәстүрді қолданса, мүлдем жақсы.

Сырға салу, қыз ұзату деген ұлы қазақы салттан өткені екі жасқа да, екі жаққа да жақсы. Жалпы, некеге салмақты оймен келсе екен деп айтқан болар едім. Былай түсінейік, заңсыз неке заңсыз әрекетпен тең. Ал заңсыз әрекет қылмыспен тең. Сол сияқты, тек "Талақ, талақ, талақ" деп, әйелі мен бала-шағасын тастап, жауапкершіліктен қашқан әкелердің тірлігі қоғамның бұзылуына әкеліп жатыр. Сондықтан, заңды некеге отыру шешімі қазақ қоғамы үшін аса қажет әрі өзгеріссіз қалады", - дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041359-zandy-kuske-ie-emes-nurlan-imam-neke-kualigi-tek-estelik-retinde-beriletinin-aitty/