"Алғашында баламның әкесінің ықпалымен тарттым": ақын Құрманай Бақтиярқызы орамалға қатысты ойын айтты
Жарияланған күні:
Ел аузында жүрген ақын, асаба, бірнеше хит әндерінің авторы Құрманай Бақтиярқызы қазіргі таңда шығармашылығында болып жатқан жаңалықтарын айтты. Сондай-ақ ақын KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында өзі алаңдайтын қоғамдағы даулы мәселелер, жастар жайлы ой бөлісті.
- Сұхбатымызды шығармашылығыңыздан бастайық, қандай жаңалығыңыз бар?
Менің шығармашылығым қазір жылаған халықты жұбатуға бағытталып жатыр. Пандемиядан кейін ата-анасынан, жақындарынан айырылған көңілі жарым жұрттың жан-айқайын қағазға түсіріп, өз саламмен ұштастырып жүрмін. Қолымнан қалам түскен жоқ. Халықтың тойы болса, қуантып барып тұрамын. Той-томалақтан қалған емеспін. Жақынына жылы лебізін жеткізе алмай жүрген жанның жүрегіндегіні 4-5 минутқа сыйғызу - маған Алланың берген таланты.
Қазір телефон арқылы ақша тауып жүрмін. Үкіметке жұмыс істемеймін. Бірақ болашақты тәрбиелеуден танған емеспін. Аптасына арнайы бекітілген күндерде Мұхтар Әуезов атындағы университетте дәріс оқимын. "Ақын боламын" деп оқталған жас өренге өз тәжірибемді айтып, жол сілтеп жүрмін.
Әнге өлең жазуды жалғастырып жатырмын. Дәл қазіргі сәтте жаңадан жазған өлеңдерім хит болып жатыр деп айтпаймын. Бірақ халықтың көңілінен шығып жатыр. Менің ойымша, сөздің әншіге ұнауы - ақынға бір мәртебе. Себебі сол ғой маған қаламақы төлеген. Кітабым сатылымнан түскен жоқ. Әр тойға барған сайын бір орам кітабымды ала барамын. Мені оқығысы келетін жандар өзімнен сұрап, сатып алып жатады. Бағасы аса қымбат емес. Жалпы соңғы жаңалықтарым сол - кітап жаздым, құнды сөздер жазу үстіндемін және той-жиынға шақыру өлең, арнаулар шығарамын.
- Былтыр дүркіретіп кеш бердіңіз. Биыл концертпен ел аралап, тур жасау ойда жоқ па?
Ел аралап, кеш беру ойда бар. Халық өзіме, жеке парақшама шығып сұрап жатады. Қаламақы төлеп, поэзиялық кештер ұйымдастыратындар да бар. Бірақ мен өлеңдерімді ән қылып орындап жүрген әншілерді қасыма ертіп жүре алмаймын. Сол себепті өлең оқып, құнды сөздерімді айтып, өз орындауымдағы әндерді шырқап, оңтүстік аймақтарда бірнеше кеш бердім. Былтырғы кешім карантиннен кейін бердім ғой. Карантин уақытында бере алмадым. Халықтың ыстық ықыласы, сағынышы білінеді.
− Қазақ эстрадасындағы кейінгі шығып жатқан жастардың өнеріне қаншалықты көңіліңіз толады? Білуімізше, жастардың жанашырысыз.
Көңілім толады. Болам деген әншінің бетін қақпаймын. Кейде мәтінді тегін жазамын. Қанша ұсынса, соны аламын, бұйырғаны ғой. Жас таланттар өте көп. Күні кеше ғана Садраддин кеш берді ғой. Қаншама халық жиналды. Олар ақымақ емес қой. Ол концертке он мыңнан отыз мыңға дейін ақша төлеп кірді. Жанды сүйемелдеумен кеш беру, аренадағы халықты бір толқында ұстау оңай емес қой. Димаштың өнері қандай тамаша! Дауысымен әлемді тербеп отыр. Қуандық, Төреш, Қайраттар да жас қой. Халық сүйеді олардың бәрін. Қалай көңілің толмайды?!
− Көптің көзін көрген жансыз. Сіздің жадыңызда жатталған қазақ әйелінің бейнесі қандай?
Менің жадымдағы нағыз қазақ әйелі - менің анам. Қазіргі заманда көпке үлгі боларлықтай қыз-келіншектер көп. Соның ішінде атап айтарлық елге қызметтің бел ортасында халық қалаулысы болып жүрген Қарақат Әбден деген досым. Партия құрамында қаншама ауылдың өзекті деген мәселесін шешіп жүр. Медицина саласында қаншама үлгілі әйелдер бар. Салтанат Әбдіразаққызы деген зейнеттегі дәрігер апайымыз бар.
Жалпы әр салада ойып тұрып орын алатын қазақтың тамаша әйелдері жетеді.
− Қазіргі қоғамда сізді алаңдататын мәселе қандай? Жаңалықтарды үнемі оқып отырасыз ба? Білуімізше, әлеуметтік желіде белсендісіз…
Атап айтар мәселе - жастардың түнгі өмірі. Түнгі клубтарда ішкілік былай тұрсын, есірткі тұтыну белең алып кетті. Жігіттер тұрмақ, қыздар да соған әуес болып жатыр. Мен үшін қоғамның дерті - осы. Әлеуметтік желіге келер болсақ, иә мен Instagram-да белсендімін. Ешқандай көмекшім жоқ. Блогерлікпен де айналыспаймын. Арнайы монтаж да жасамаймын. Көргенімді, ойымдағыны түсіріп, елмен бөліскенді жақсы көремін.
- Қоғамда дау болып жатқан - орамал тақырыбы. Желіде "орамал тартқаны үшін ақы төленеді" деген әңгіме тарады. Оған сіздің реакцияңыз қандай болды?
"Орамал үшін ақша төлейді" деген енді қауесет қой. Ол құлшылық үшін ғой. Мен өзім алғашында баламның әкесінің ықпалымен тарттым. Кейін қажылық өтеген соң, толықтай орамалға келдім. Мойнымды қоса жапқанда халық қарсы пікір жазды. Мені көтеріп, Құрманай қылған солар ғой, сондықтан халықтың қалауымен қазір мойным ашық, шашым көрінбейді. Шаш желбіретіп жүретін жастан өтіп кеттік. Екі немереге әжемін.
- Қазір танымал адамдарға тұсау кестіру - трендте. Бұндай кештерге қаншалықты жиі шақырту аласыз? Тұсау кескеніңіз үшін гонарар алған кезіңіз болды ма?
Баланың тұсауын кесіп, әрі асабалық етіңіз деп шақыратындар бар. Ондай жағдайда асабалық қызметімнің ақысын ғана аламын. Ал тұсаукесерге арнайы гонарар ұсынғандар болған жоқ. Ол өтірік шығар. Қазақтың салтымен сыйлығын беріп, алтын тағатындар бар.
Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041462-algasynda-balamnyn-akesinin-yqpalymen-tarttym-aqyn-qurmanai-baqtiyarqyzy-oramalga-qatysty-oiyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.