Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жасалмаған жұмысқа 25 млн теңге аударылған": Ақтөбеде көпбалалы отбасыларға арналған үй құрылысы тоқтап тұр

Опубликовано:

проблемалық нысан
тұрғын үй құрылысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында 18 әлеуметтік нысанның құрылысы тұралап тұр. Оның сегізі - тұрғын үй. Өңірдің бес ауданында көпбалалы және толық емес отбасыларға арналған екі қабатты үйлер проблемалық нысанға айналған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасынан хабарлады.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында 248 адам баспана кезегінде тұр. Өңірде баспана мәселесін шешуге бағытталған бастама аяқсыз қалған. Аудан орталығындағы сегіз пәтерлі екі үйдің құрылысына қатысты шикілік көп. Аудит қорытындысы бойынша жасалмаған жұмысқа ақша аударылғаны анықталды.

"Әйтеке би және Ырғыз ауданында салынып жатқан екі қабатты тұрғын үй құрылысына қатысты аудиторлық тексеріс өтті. Екеуін де бір қызылордалық мердігер компания ұтып алған. Тексеру кезінде 2022 жылы болған заңбұзушылықтар анықталды. Әйтеке биде 25 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты жасалмаған жұмысқа аударылған. Атқарылған жұмыстар актісі сәйкес келмейді. Ол жерде тұрғын үйдің қабырғасы 90 пайызға көтерілгені айтылған. Бірақ екі тұрғын үйдің де тек бір қабаты қаланған. Құжатта объект басына материал, плитка апарып қойдық делінген, бірақ ештеңе жоқ. Сыртқы қаңқасы ғана тұр. Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі жұмысты қабылдаған", - дейді Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов.

әлеуметтік тұрғын үй
Құрылысы бітпеген тұрғын үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жүргізілген тексерістен кейін мемлекеттік аудит істі құзырлы органдарға тапсырды.

Әйтеке би ауданындағы проблемалық құрылысқа айналған әлеуметтік нысанға тапсырыс беруші - Әйтеке би аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Құрылыс 2021 жылы басталған. Жоба құны 175,4 млн теңге. Бірінші қабаттың ғана қабырғасы қаланған нысан қаңырап тұр.

"Бұл - біздегі проблемалық нысандардың бірі. Сегіз пәтерлі 2 қабатты екі тұрғын үйді салуға қызылордалық мердігер компания тартылған. Жұмыс басталған. Бірақ қазір тоқтап тұр. Жақында 13 қыркүйекте соты болды. Сол жерде мердігерді, жоба авторын және технадзорды мердігердің есебінен мемлекетке 25 млн теңге қайтару жөнінде сот ұйғарымы шықты",- деді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы да тап осындай әлеуметтік үйді аяқтай алмай отыр.

Жоба құны - 207,2 млн теңге. 2021 жылы басталған тұрғын үй құрылысы 2022 жылы бітуге тиіс болатын. 20 млн теңгенің жұмысы жоқ.

Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, Ырғыз ауданында салынып жатқан әлеуметтік нысан бойынша 21 млн теңгеге заң бұзушылық анықталды. Қазір сот процесі болып жатыр. 21 млн теңгені қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдамағаны үшін бөлім башысына қатысты іс қозғалып, әкімшілік сотқа жолданды.

құрылысы тоқтап тұрған тұрғын үй
Құрылысы бітпеген тұрғын үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Проблемалық құрылысты жүргізуге Р. ЖШС-і жеңімпаз болып анықталды. Қазіргі уақытта іргетасы құйылып, 2 қабаттың қабырғасы қаланып, шатыр құрылысы жүргізілді. Нысанды тиісті уақытында тапсырмауына байланысты облыстық ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолданды. Инженерлік желінің толық аяқталмауына байланысты құрылыс жұмыстары бітіп тұрған 2 үйді пайдалануға беру мүмкін болмай тұр", - деді Ырғыз ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Өксікбаев.

Екі ауданда да әлеуметтік үйден бөлек спорттық сауықтыру кешендері де жылдар бойы тоқтап тұр. 2018 жылдары басталған спорттық кешеннің қабырғалары тозып кеткен.

"Қазіргі күні облыста 18 әлеуметтік нысан құрылысы тоқтап тұр. Оның сегізі - тұрғын үй. Ырғыз, Әйтеке би, Ойыл, Байғанин, Алға және қалада үш үй құрылысы уақытында аяқталған жоқ. Мердігерлердің бәрі басқа өңір компаниялары", - дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асланбай Жарасбаев.

Аудандардағы проблемалық құрылыстарды аралаған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қараша айындағы мәслихат сессиясында екі аудандағы мәселелерге қаржы қарастырып, толық шешімін табатынын айтты.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041297-zasalmagan-zumysqa-25-mln-tenge-audarylgan-aqtobede-kopbalaly-otbasylarga-arnalgan-baspana-qurylysy-toqtap-tur/

pixel