Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлемді жаяу аралаған ұлытаулық жиһанкез елге оралды

Опубликовано:

Cәрсенбай Қотырашев
Cәрсенбай Қотырашев. Фото: instagram.com/ulytaumen

Қазақстаннан Стамбұл қаласына дейін жаяу барған 70 жастан асқан жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев сапарын сәтті аяқтап, елге аман-есен оралды, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Телеарна ақпаратынша, ақсақал биыл еліміздің батысынан бастап, Стамбұлға дейінгі аралықты бір өзі жаяу жүріп шықты. Ал Түркиядан Қазақстанға ұшақпен жетті. Ұлытаулық саяхатшы Сәрсенбай Қотырашев екінші сапарын осы жылы Атыраудан бастап, Астрахань қаласы арқылы Дағыстан, Шешенстан және Грузиядан өтіп, Түркия батысына 13 қазанда жеткен. Жиһанкездің айтуынша, қазір көңіл күйі жақсы, денсаулығына еш шағымы жоқ.

"Бейнетсіз еңбек жоқ қой. Жақсы өттім. Қатты күйзелген жоқпын. 3 мақсатым болғаннан кейін жігерленіп өттім. Елдімекендерде қондым. Елді мекен жоқ жерлерде далада қондым", - дейді жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев.

Тілші мәліметінше, ақсақалдың басты мақсаты рекорд орнату емес. Жетпістен асқан саяхатшы Ұлытаудың атын шығарып, оның терең тарихынан сыр шерту мақсаты екенін атап өтті.

"Екіншіден, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімін толықтыру. Үшіншіден, қазақтың қымыз мейрамын насихаттау. Жүрген жерлерімде біріншіден тарихи-өлкетану музейлерін көремін. Тарихымен, мәдениетімен, дәстүрімен танысамын", - дейді Сәрсенбай Қотырашев.

Айта кетейік, 73 жастағы ақсақал алғашқы сапарын былтыр 31 наурызда Ұлытаудан бастап, боран мен көктайғаққа қарамастан Жезқазғанға дейінгі 140 шақырымды 24 сағат ішінде жаяу жүріп өткен еді. Кейін еліміздің барлық өңірін 6 ай ішінде аралап, саяхатын Ақтауда аяқтаған болатын. Енді келесі жылы мұхит асуды жоспарлап отыр. Ыстамбұлдан бастап Болгария, Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция және АҚШ-қа бағыт алады. Ол жақта 3 штаттан өтіп, ұшақпен Қытайға жетеді. Одан бері қарай Моңғолия, Алтай және Шығыс Қазақстанмен аяқтамақшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041878-alemdi-zayau-aralagan-ulytaulyq-zihankez-elge-oraldy/

pixel