Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір қозысы – 2-3 мың доллар": қой тұқымын асылдандырумен айналысатын бокс бапкері қалай табыс тауып отыр

Опубликовано:

шаруа
Нұрбек Құлбаев ұлдарымен бірге. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жамбыл облысы Ақтоған ауылында бокс бапкері асыл тұқымды қой өсірумен айналысады. Бокс қолғабын қораға іліп қойған Нұрбек Құлбаев ұсақ малды асылдандыру арқылы жылына 35 млн теңге табыс тауып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жаттықтырушы малды асылдандыру бағытын осыдан 6 жыл бұрын бір ғана қошқармен бастаған. Бапкерлік пен шопандықты қатар алып жүрген азамат бүгінге дейін 300-ге жуық төл алды. Ал "Арашан" деп аталатын асыл тұқымды қошақарларының саны бүгінде алтауға жеткен.

"Менің мақсатым малды сойып сату емес, асылдандырумен айналысамыз. Адамдар бізден еркек төлдерін көбейтуге алып кетіп жатады. Бір жылда 40-50 қозы алсақ, 2-3 мың долларға сатамын. Менің қошқарларым байқауларға да қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Олар салмағы және сұлулығы бойынша сайысқа түседі. Бұл негізі біздің ата кәсібіміз. Одан ажырамауымыз керек. Ал жалпы ауылда тұрған адам малсақ болуы керек. Сондықтан балаларымды да баулып жүрмін. Бокстан беретін арнайы сабағыма да, сақманға да үлгеріп жүрмін", - дейді Нұрбек Құлбаев.

қой
Асыл тұқымды қой. Фото: KAZ.NUR.KZ

Нұрбектің қорасындағы "Арашан" қошқарлардың бойы бір метрден асып, салмағы 200 келіге барады. Тұқым алу үшін алпыстан аса аналық қой ұстайды. Ал аталықтарын сойған кезде денесінің 70 пайызын еті құрайды екен. Әрі бапкер, әрі шаруа болып жүрген Нұрбек мал төлдету маусымын күтіп жүр. Өйткені қой қоздайтын уақыт селекциялық жұмыстың нәтижесін көретін кез.

Нұрбек Құлбаев
Нұрбек Құлбаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Етті бағытта да табыс табуға болады. Өзім тек тұқым алу мақсатында көбейтемін. Биыл қыркүйек айында бастап қошқарларды аналық бастарға қостық. Олар суыққа төзімді. Міне, мына қораны көріп тұрсыздар ғой – ашық қора. Осы жерде ақпаннан бастап туады. Жаурамайды. Кәнігі қазақы қойлардың күтімін қажет етеді", - дейді Нұрбек.

4 баланың әкесі алда мал санын бір отарға жеткізуді мақсат тұтқан. Меркі ауданы бойынша асыл тұқымды қойы көп ауқымды қожалық құруды армандайды.

Ал жалпы Жамбыл облысында мал шаруашылығын дамыту мақсатында 3,5 млрд теңге субсидия бөлінген. Бүгінде асыл тұқымды шетелдік қошқарлардың әр басына 150 мың теңгеден төленеді. Айта кетейік, бүгінде өңірдегі қой саны 3 жарым млн басқа жуықтайды.

Авторы: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2042459-bir-qozysy-2-3-myn-dollar-qoi-tuqymyn-asyldandyrumen-ainalysatyn-boks-bapkeri-qalai-tabys-tauyp-otyr/

pixel