Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе полициясы мас күйде көлік жүргізді деп күдікке ілінген экс-депутатты таппай жатыр

Опубликовано:

Сәния Мұратова
Сәния Мұратова. Фото: gov.kz

Ақтөбеде мас күйінде көлік жүргізді деп айыпталған қалалық мәслихаттың экс-депутаты Сәния Мұратова бүгін тағы сотқа келген жоқ. Айыпталушыны сотқа мәжбүрлеп әкелу міндеттелгенімен полиция таппай жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бүгін Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ішімдік ішкен күйінде көлік жүргізді деп айып тағылған экс-депутатқа қатысты істі тағы да кейінге шегеруге мәжбүр болды. Сәния Мұратова сотқа келген жоқ. Сотқа қатыспау себебін түсіндіретін құжат тапсырмаған. Сот залында айыпталушының полиция тоқтатқан сәттегі видеосы көрсетілді.

судья
Судья. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Не себептен таба алмай жатырсыздар? Көлік жүргізгеніне дәлелдер бар ма? Бейнежазба қараймыз" - деді судья Қайыржан Алашұлы.

Полиция қызметкерлері облыста іздеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.

"Ақтөбе қаласы Бәйішев көшесінде орналасқан "Альтаир" дүкенінің алдында көлік құралын тоқтатып, тексеру барысында жүргізуші Сәния Мұратовадан иіс сезілді. Жүргізушіні медициналық сараптама орталығына апарған уақытта жеңіл дәрежедегі масаңдық байқалды. Сол бойынша Сәния Мұратоваға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Хаттамамен танысты. Жүргізуші әкімшілік хаттамамен келісетінін айтты", - деді хаттама толтырушы полиция қызметкері Нұржан Мүсірепов.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткі және уытқұмарлық масаң күйде басқару" бабымен қаралған іс сотқа 20 қыркүйек күні түсті. 21 қыркүйек қыркүйек күні сағат 11:50-де WhatsApp желісі арқылы қарау туралы ұйғарым шықты. Бірақ сот күні Сәния Мұратова байланысқа шықпаған. Сот кабинетінде сот отырысына қатысуы үшін айыпталушыны күштеп әкелу туралы ұйғарым шықты.

"Мәжбүрлеп әкелу ұйғарымы орындалған жоқ. Сол себептен сот 26-қазан сағат 11:00-ге кейінге қалдыру керек деп есептейді. Тағы да облыстық Полиция департаментіне ұйғарым жібереміз. Келмеген жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 744-бабына сәйкес хаттама толтырылған азаматшаның қатысуынсыз қараймыз. Қазір "Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру" бабына сәйкес қамаққа алу, көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған бап бойынша хаттама толтырылған соң қатысуға тиіс", - деді судья Қайыржан Алашұлы.

Еске салсақ, осыған дейін Сәния Мұратоваға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу" бабымен алты айға көлік жүргізу құқығынан айырды. Оған дейін депутаттық мандатынан айрылды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2042375-aqtobe-policiyasy-mas-kuide-kolik-zurgizdi-dep-kudikke-ilingen-eks-deputatty-tappai-zatyr/