Қызылорда облысында жаңа мәдениет үйі халық қолданысына берілді
Жарияланған күні:
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма ауылдық округінде 150 орындық клуб өз қызметін бастады.
Салтанатты ашылу жиынына облыс әкімі қатысты. Жаңа мәдениет үйі облыстың 85 жылдық және ауданның 95 жылдық мерейтойы аясында халық қолданысына берілді. Екі қабатты клуб ғимаратында көрермендер залы мен өнерпаздарға және клуб қызметкерлеріне арналған 22 бөлме бар.
Қос атаулы мерекемен құттықтаған өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәдениет үйінде салт-дәстүр насихатталып, ұлттық құндылықтар дәріптелетініне сенім білдірді.
Ол, өз сөзінде, "Ертеңін ойлаған ел алдымен мәдениетке бет бұрады. Көсемсөз зергері, жазушы Мұхтар Әуезов: "Ғылым мен мәдениет - барлық дүниенің алтын алқасы", – деген. Өңірде саланы дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Осы айдың басында "Отбасы", "Анаға тағзым" орталықтары пайдалануға берілді. Аймақта алғаш рет симфония оркестрі құрылды.
"Өнер орталығының" құрылысы аяқталуға жақын. Демеуші есебінен жыл соңына дейін музыкалық колледж ғимаратының іргетасы қаланады. Келер жылы аудандарда салтанат сарайы, кітапхана, музей, архив орналасатын, жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын "Руханият" орталықтары салынады", - деді.
Салтанатты жиынның соңында Жайылма ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Баймаханов бата беріп, ауыл тұрғындары дән қуанышты екенін жеткізді.
Сонымен қатар мерей той аясында Қожамберді ауылдық округінде йЖан-Арайй кешеніндегі шипажай ғимараты ашылды. Заман талабына сай, соңғы үлгідегі тынығу орны йҚарапайым заттар экономикасый бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие қаражаты және жеке қаражат негізінде салынған. Демеушісі – өңірге белгілі кәсіпкер, меценат Байдәулет Мақашов. Кешен - 150 орындық. Онда тынығушылар үшін 50 адам қызмет көрсетеді.
Салтанатты жиында "Сыр өңірі мерейтойға жоғары дайындықпен келді. Жаңақорған ауданында да келелі істердің жарқын көрінісі байқалады. Ауданның даму көрсеткіштері жақсы. Биыл 6 елді мекенге газ құбырлары тартылуда. Жаңақорғанда 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Біреуінің іргетасын бүгін қалаймыз. Жыл соңына дейін Қаратөбе ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Екі ауылда жаңа 150 орындық клуб қызметін бастайды. Біреуінің ашылу салтанаты бүгін өтеді. Мемлекеттің қолдауына мұқтаж 50 отбасы баспаналы болады. Халықтың саулығын сақтауға септігін тигізетін шипажай, міне, игіліктеріңізге қызмет етуге әзір. Әлеуметтік маңызы бар нысан салып берген кәсіпкерге алғысымды білдіремін", - деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.
Сондай-ақ ашылу салтанатында Бақдәулет Еркінбекұлына Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды. "Жан-Арай" ЖШС-ның қызметкерлері облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Жаңақорғандық 50 отбасы да мереке мерейін сезінді. Ауданның құрылғанына 95 жыл, облыстың 85 жылдық мерейтой аясында 50 баспана табысталды. Жаңадан қаланған 25 үйдің әрқайсысында 2 пәтерден бар. Тиісінше, әрбір пәтерде қонақ күту, жатын, жуынатын бөлмелер және ас үй бар. Бір пәтердің алаңы 100 шаршы метрден асады. Жаңа үйлі болған жаңақорғандықтарды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтап, баспана кілтін табыстау рәсіміне қатысты.
Ол, өз сөзінде, "Мемлекет басшысы "Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді", – деп атап өтті.
"Кейінгі жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналып, жаңа заманауи нысандар бой көтеруде. Бүгін облыстың 85 жылдығына орай аудан орталығынан жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, 50 отбасының қуанышын еселемекпіз. Бұл - тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жасалған қолдаудың нақты көрінісі", - деді.
Өз кезегінде, тұрғын үйді салған мердігер мекеменің қызметкерлері облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Аудандық білім саласында да тың серпілістер бар. Солардың бірі – жаңа мектептер. Аудан орталығында 600 орындық мектептің іргетасы қаланды. Бас мердігер - "Аман-Құрылыс" ЖШС. Айта кетейік, жаңа білім мекемесі "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қолға алынды. Арнайы рәсімге қатысқан өңір басшысы Нұрлыбек Машбекұлы ауданның мерейтойы аясында жергілікті халықтың қуанышы еселене түскенін тілге тиек етті.
Ол "Қазір аймақта басымдық берілген саланың бірі – білім. Оған бағытталған қаржы көлемі 245 млрд теңгеге жетті. Көптеген ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Алдағы үш жылда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында өңірімізде құны 100 млрд теңге болатын 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Бүгінде 10 мектептің құрылысы басталды. Ал, қалған 11-інің құрылысы жыл соңында және алдағы жылдың басында басталады. Соның бірінің іргетасын бүгін өздеріңізбен бірге қалаймыз. Білім ордасы озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын мекен болғай", - деді.
Ауданның негізні нысандарының бірі – теміржол вокзалы да мерейтойының аясында абаттандырылуда. "Ақ-Юг құрылыс" ЖШС-гі 0,20 гектар аумаққа субұрқақ, гүлзарлар, орындықтар орналастыруды көздеп отыр. Жоба құны – 53 млн. теңге. Жаңа келбетке ие болған орындардың бірі – Хорасан ата кесенісі. Тарихи нысан XIV ғасырға тиесілі. Жиырма жылға жуық уақыт жаңғыру жұмыстары жүргізілмеген кесенеге демеушілер жаңа дем беруге ниетті. Жоба құны – 100 млн теңге. Атаулы қаражат кесене, музей, асхана, бастырма орындарын абаттандыруға жұмсалмақ.
Ауданда даму динамикасында өсім тұрақты. 38 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жаңақорғандық тұрғындардың игілігі жолында жасалынуда. Жиым-терімнің жалпы қорытындысы бойынша "Алтын дән" дала еңбеккерлерінің шарасында Жаңақорған ауданы "Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан" атылымы бойынша топжарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2042793-qyzylorda-oblysynda-zana-madeniet-uii-xalyq-qoldanysyna-berildi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.