Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Баспана, несиені төлеу": Смайылов аман қалған кеншінің көмек туралы сауалына жауап берді

Опубликовано:

Смайылов аман қалған кеншілердің жағдайын сұрады
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Әлихан Смайылов ауруханаға барып, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған өрт салдарынан зардап шеккен кеншілердің көңілін сұрады, деп хабарлайды үкімет Telegram арнасында.

Қазіргі уақытта профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада зардап шеккен 20 кенші қажетті ем алуда.

Пациенттер әртүрлі аппараттарды, соның ішінде КТ және УДЗ қолдану, сондай-ақ түрлі сала мамандарын тарту арқылы толық тексерілді.

Олардың көбі газбен уланған, дегенмен барлығының жағдайы – тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Премьер-министр зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.

"Барлығыңызға тезірек сауығып, отбасыларыңызға аман-есен оралуларыңызды тілеймін", — деді Әлихан Смайылов.

Кеншілердің бірі қаза тапқан әріптестерінің отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы сұрады.

"Бұл – шынымен де өте ауыр қасірет. Қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Бүгін мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берді. Толығымен қолдау көрсетеміз: баспана, несиелерді өтеу, балаларды оқыту, біржолғы төлемдер – мұның барлығымен қамтамасыз етеміз", — деді премьер-министр.

Еске сала кетсек, бүгін Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты. Мемлекет басшысы үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Артынша мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орнына барды.

Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Соңғы мәліметтер бойынша қазір 32 адамның денесі табылды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Кейін үкімет "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын мемлекет пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталып жатқанын хабарлады. Одан бөлек, оқиға орнына премьер-министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Серік Шәріпханов барды.

Сондай-ақ Бас прокуратура Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2042970-baspana-nesieni-toleu-smaiylov-aman-qalgan-kensinin-komek-turaly-saualyna-zauap-berdi/

pixel