СҚО-да ер адам салмағы 40 тоннадан асатын екі бірдей вагонды сүйреді (видео)
Жарияланған күні:
Солтүстік Қазақстан облысында алып күш иесі тұрады. Аққайың ауданының тұрғыны Парсахан Алдияров жас кезінен ауыр затты ұршықша иіреді, деп хабарлайды "Хабар 24".
Телеарна хабарлауынша, Парсахан Алдияров – ата жұртын аңсап келген жандардың бірі. Ол 2000 жылдары Өзбекстаннан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған.
Бүгінде өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып жұмыс істейтін Парсахан ауыр атлетикаға ешқашан қызықпағанын айтады.
Дегенмен қара күштің иесі салмағы 23 тоннадан асатын вагонды еш дайындықсыз 60 метрге дейін сүйре алайды. Тіпті түсірілім барысында тағы бір вагонға тапсырыс берген. Осылайша, ол жалпы салмағы 40 тоннадан асатын екі бірдей вагонды сүйреп көрген.
Парсахан мұндай көрсеткішті бағындыру үшін еш дайындалмаған. "Трюк жасаған кезде қара күштен гөрі ептілік қажет", - дейді ол.
Бұдан бөлек, Парсахан ұлттық спорт түрлерімен айналысқанды жақсы көретінін атап өтті. Ол жұмыс істейтін өрт сөндіру бөлімінің басшысы Асхат Бейсенбаевтың айтуынша, ұжымда сыйлы Парсахан биыл аударыспақтан облыс чемпионы болып, спорт шеберіне кандидат атанған.
Енді Парсахан ауыр тракторды тартып, көпшілікті тағы бір таңғалдыруды ойлап жүр. Ол трюкті Тәуелсіздік күнінде жасамақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2043478-sqo-da-ort-sondiru-boliminde-zumys-isteitin-zurgizusi-salmagy-40-tonnadan-asatyn-eki-birdei-vagondy-suiredi-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.