Аудан әкімдерін сайлауға БҚО домбырашылары белсенді қатысты
Жарияланған күні:
Бүгін, 5 қарашада Ақ Жайық өңірінің Қаратөбе, Тасқала және Бөкей Ордасы аудандарының тұрғындары саяси науқанға белсене қатысып жатыр. Олар жергілікті уақытпен таңғы жетіден бастап сайлау учаскелеріне ағыла бастады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Тұрғындардың кейбірі елдегі елеулі сәтті ерекше шаралармен айшықтап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мысалы, Қаратөбе ауданындағы №278 сайлау учаскесінде "Асыл әжелер" ансамблі ұлттық нақышта киініп, дәстүрлі әндер шырқады.
"Аудан әкімін сайлау мүмкіндігі халықтың таңдауына беріліп отыр. Бұл, әрине, дұрыс. Енді жергілікті тұрғындар бірлесе шешім қабылдай аламыз. Біздің ансамбль құрамындағы әжелердің бәрі дауыс берді. Біз саяси науқанға бей-жай қарамаймыз. Сондықтан жерлестерімізді сайлауға бір кісідей атсалысуға шақырамын", -дейді ансамбль жетекшісі Гүлсара Ғабдиқызы.
Ал Тасқала ауданының орталығында домбырашылар да сайлауды мерекеге айналдырды. Олар киелі аспаппен төл музыкаларды орындап, саяси науқанның сәнін келтірді. Мәншүк Сәмиева балалар музыка мектебінде сабақ береді. Ол өз ұжымымен бірге осы бастамаға ұйытқы болған.
"Біздің шығармашылық ұжымда 8 адам жұмыс істейді. Бәріміз бір ауыздан сайлау күні өнер көрсетуді ұйғардық. Ұлттық өнер әркез ұлықталуы тиіс. Осындай көңіл-күймен тасқалалықтар сайлауға белсене қатысып жатыр", - дейді ол.
Үш ауданда барлығы 63 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оларда 28 884 сайлаушы тіркелген.
"Жергілікті уақытпен 13.00-дегі ақпарат бойынша, 10 мыңнан астам адам дауыс беріп үлгерді. Сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіп бұзу деректері мен заңға қайшы әрекеттер тіркелген жоқ" , -деді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.
Елімізде президент тапсырмасына байланысты сайлау жүйесіне көптеген жаңашылдық енгізілді. Әр саяси жаңғыру мемлекетті басқару ісінде халықтың рөлі мен маңызын арттыруды көздейді.
Соңғы екі жылда бірқатар өзгеріс жасалды. Атап айтқанда, партиялардың мәжіліске өту шегі бес пайызға дейін төмендеді. Сайлау бюллетеньдеріне "бәріне қарсымын" бағаны қосылды. Енді, міне, алғаш рет аудан әкімдерін сайлау науқаны өтіп жатыр. Бұл – демократияға деген үлкен қадам.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044205-audan-akimderin-sailauga-bqo-dombyrasylary-belsendi-qatysty/