Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өрт қоюға дайындалған": Семейде орманнан тұтатуға дайын құрғақ бұталар мен көлік резеңкелері табылды (видео)

Опубликовано:

Қарағайлы орман
Ормандағы ағаш діңіне жиналған бұталар. Фото: Семей орманы резерваты

Семейде серуенге шыққан тұрғын орман ішінен құрғақ бұталардан тігілген күркелер мен жеңіл көліктің резеңкелерін байқаған. Ол әлдебіреулер орманға от қоюға оқталған деп пайымдап, құзырлы органдарға хабар берген. Қазіргі таңда күдікті іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қалың орман ішінде тігілген күркелер құрғақ бұталармен толтырылған. Мұны байқаған семейлік Владимир Сулиманың айтуынша, жалын бірден қарқын алу үшін орманға жеңіл көліктің резеңкелерін де арнайы жеткізген болуы мүмкін.

"Бұл түсінікті жағдай. Өрт қоюға алдын-ала дайындалған. Мен орманда таза ауамен демалып, серуендеу барысында күркенің төрт-бесеуін таптым. Оны тез жанатын құрғақ ағаштардан жасап қойған. Әрқайсысына көліктің үш резеңкесін қойыпты. Абырой болғанда алапат өрттің алдын алдық",- дейді Семей қаласының тұрғыны Владимир Сулима.

Оқиға бойынша мемлекеттік инспекторлар тексеріс жүргізді. Олар күркелердің Қарағайлы орманға қасақана өрт қою үшін дайындалғанын растап отыр. Мамандардың мәліметіне қарағанда іздестіріліп жатқан күдікті бір мезетте орманды екі жақ шетінен тұтатуға оқталған.

"Қазіргі кезде ормандағы күзет күшейтілді. Құқық қорғау органдарына арыз жазылып, бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Күдікті іздестірілуде. Семей халқынан осындай фактілер болса, телефон нөміріне хабарласуды сұраймыз", - дейді "Семей орманы" табиғи орман резерватына қарасты "Қызыл кардон" орманшылығының басшысы Нұржан Бақытбекұлы.

Жалпы орман ішінен тұтатуға дайын алты күрке табылып отыр. Күдікті жалынның ортасында қалып қалмауды да жақсы жоспарлаған көрінеді. Өйткені ол күркелерді күре жолдарға жақын маңдардан жасаған. Мамандардың болжамы бойынша, күдікті тек ауа райының қолайлы болуы мен желдің жылдамдығының артуын күткен сыңайлы. Күдікті қолға түсіп, қылмысы дәлелденсе, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Автор: Елжан Нұрболатов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044549-ort-qoyuga-daiyndalgan-semeide-ormannan-tutatuga-daiyn-qurgaq-butalar-men-kolik-rezenkeleri-tabyldy-video/