"Қаланың қақ ортасындағы мектептің сиқы осы": атыраулық оқушылар асханасы мен спорт залы жоқ мектепте оқып жүр
Жарияланған күні:
Атырау қаласының орталығында орналасқан №15 Абай атындағы орта мектептің оқушылары асханасы, спорт залы, не акт залы жоқ мектепте білім алып жүр. Мектепке жапсаржай салынуға тиіс болған, алайда құрылысы тоқтап, 8 жылдан бері қаңырап тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
1956 жылы салынған Абай атындағы орта мектептің оқушыларына дене шынықтыру сабағын өткізуге мүмкіндік жоқ, балалар спортпен тек күн жылыда далада шұғылданады. Ал қыс мезгілінде жабдықталмаған қуықтай бөлмеде шынығады. Одан бөлек мектепте оқушылардың сабақ арасындағы үзілісте тамақтануына да жағдай қарастырылмаған. Тек бастауыш сынып оқушыларына мектептің дәлізінде орналасқан пластикпен қоршалған бөлмеде сырттан жеткізілетін ыстық тағам беріледі. Ал мектепішілік шаралар, мерекелік концерттер дәлізде өтетін көрінеді.
"Мектепте болу керек нәрсенің ешқайсысы жоқ. Оқушылардың толыққанды білім алуына жағдай қарастырылмаған. Қаланың қақ ортасында орналасқан білім ордасының сиқы осындай, қала сыртындағы мектептердің жайын айта алмаймын. XXI ғасырда балаларымыз осындай мектепте оқып жатыр. Осы мәселенің әлеуметтік желілерде көтеріліп жүргеніне де біршама уақыт болды", - дейді аты-жөнін айтқысы келмеген ата-ана.
№15 Абай атындағы орта мектеп директоры лауазымының міндетін атқарушы Гүлайым Акимованың айтуынша, соңғы рет мектеп 2016 жылы күрделі жөндеуден өткен. Сол уақытта мектеп жанынан жапсаржайдың құрылысы да басталған. Алайда құрылысы соңына жетпей, 8 жылдан бері жапсаржай қаңырап тұр.
"Оқушылардың тамақтануына арналған асхананың құрылысы 2015 жылы басталды. Құрылысшылар бастауын бастап, соңына дейін жұмысты аяқтамай өздері жоқ болып кетті. Салынған ғимараттың ішінде ешқандай коммуникация жүргізілмеген. Біз объектті қабылдамадық. Мектепте асханадан бөлек спортзал, акт залы да жоқ екені рас. Мен бұл мектепте өзім де оқығам. Концерттер өмір бойы дәлізде өтіп келеді. Бұл мәселені жоғарғы жақ жақсы біледі", - дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлайым Акимова.
Атырау қалалық құрылыс басқармасында Абай атындағы орта мектептің жапсаржайының құрылысы жыл аяғына дейін бітеді деп сендірді.
"Мердігер мекеме мектеп жапсаржайының құрылысын уақытылы аяқтамады. Сот арқылы тиісті шаралар қолданылды. Нысанның жобалау-сметалық құжаты қайтадан жасақталды. Осы жылдың соңына дейін жұмысты аяқтаймыз. Мердігер мекеме – "СтройЦентрТуркистан" ЖШС", - деп хабардар етті Атырау қалалық құрылыс басқармасының баспасөз қызметінен.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2044686-qalanyn-qaq-ortasyndagy-mekteptin-keipi-osy-atyraulyq-oqusylar-asxanasy-men-sport-zaly-zoq-mektepte-oqyp-zur/