Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент көмекшісі болған, 10 жылға сотталған: экс-министр Қуандық Бишімбаев туралы не білеміз

Опубликовано:

Қуандық Бишімбаев
Қуандық Бишімбаев. Фото: primeminister.kz

Кеше кешке БАҚ пен әлеуметтік желіде бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Болған жайт және экс-министрдің өзі туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қуандық Бишімбаев деген кім?

"Юрист" ақпарат іздеу жүйесінің мәліметі бойынша Қуандық Бишімбаев 1980 жылы 11 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ж.Вашингтон университетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Қазақстан даму банкінде Қарыз алу және құрылымдық қаржыландыру департаментінде менеджер болып бастады, кейін Қазынашылық операциялар департаментінің бас менеджері болып жұмыс істеді.

Сондай-ақ Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің Инвестицияларды жоспарлау және талдау басқармасында, Ұлттық инновациялық қорында, Маркетинг және аналитикалық зерттеулер орталығында да жұмыс істеді.

2005-2006 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.

2006 жылы премьер-министр орынбасарының кеңесшісі болды.

2006-2007 жылдары Индустрия және сауда министрлігі жанындағы Сауда саясатын дамыту орталығын басқарды.

2007 жылы Индустрия және сауда вице-министрі болып тағайындалды.

2008-2009 жылдары – Президент әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі.

2009 жылғы мамырдан 2010 жылғы наурызға дейін – Президент көмекшісі.

2010-2011 жылдары – Экономикалық даму және сауда вице-министрі.

2011-2013 жылдары – "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.

2013-2016 жылдары – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ Басқарма төрағасы.

Ұлттық экономика министрі лауазымына екі рет – 2016 жылдың мамыр және қыркүйек айларында тағайындалды.

Әр жылдары "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры", "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ, "СПК Каспи" ҰК", "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ, "Қазпошта" АҚ, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ және т.б. директорлар кеңесінің мүшесі болды.

2016 жылы парламент мәжілісінің сайлауына "Нұр Отан" партиясының атынан қатысқан.

Республикалық "Жастар" сыйлығының лауреаты.

Айта кетейік, "Юрист" ақпарат іздеу жүйесінің мәліметінше, Қуандық Бишімбаев – мәжілістің V шақырылымдағы депутаты Уәлихан Бишімбаевтың ұлы. Ол 2012-2016 жылдар аралығында парламент депутаты болған.

Қуандық Бишімбаев не үшін сотталған

2017 жылдың қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бірнеше рет пара алды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған.

Кейін ведомстводағылар істің мән-жайын жария етті.

Тергеу материалдарынан белгілі болғаны - Бишімбаев Қызылорда қаласында әйнек өндіретін және өңдейтін зауыттың құрылысын жүргізу кезінде ведомство қарамағындағы "Orda Glass" ЖШС және мердігер "Шымкентхиммонтаж" ЖШС арқылы 1 млрд теңгені жымқыру мақсатында қылмыстық схема ұйымдастырған.

Қылмыстық схемада осы ұйымдардың басшылары да болған.

Ұрланған қаражат жұмысшылардың тамағы мен тұратын жеріне ақы төлеу желеуімен еншілес компания арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

"Көрсетілген сомадан Бишімбаев делдал болған туысы Нұрлыбек С. арқылы 2 млн АҚШ долларын жеке өзі алған", - деп хабарлады бюродан.

Іс бойынша сот 2018 жылдың басында өткен. Мемлекеттік айыптаушы экс-министрді 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

2018 жылдың наурыз айында Бишімбаевқа үкім шықты - сот оның кінәсі дәлелденді деп, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сот шешімі бойынша экс-министрдің мүлкі тәркіленіп, "Құрмет" орденінен айырылуға тиіс болған.

Алайда үкімге қарамастан, Бишімбаев 2019 жылдың күзінде бостандыққа шықты. Бұдан кейін сотттағылар Бишімбаевтың жазаны неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтініш бергенін хабарлады. Өтініші қанағаттандырылды.

Ішкі істер министрлігі сотталған адам жазасын жеңілдету туралы өтініш беруге құқылы екенін түсіндірді.

"Ол шағым түсірді, сот барлық қажетті мән-жайды ескерді. Оның жазасын 4 жыл 8 айға дейін қысқартты. 4 жыл 8 айдың үштен екісін өтеген, бір жылдан сәл астам уақыты қалды. Менің ойымша, бір жыл үш ай. Оған осы бір жыл үш ай жеңілірек жаза – айыппұлға ауыстырылды", - деп мәлімдеген еді министрліктегілер.

2023 жылғы 9 қарашада болған оқиға

Кеше, 9 қарашада бірқатар БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың Астанада қайта ұсталғанын, елордалық мейрамханалардың бірінде әйелін өлімші етіп ұрып-соққаны туралы хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел қаза тауып, жарақат алғанын растады. Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Алайда полицейлер бұл іске қатысы бар адамдардың есімін атамады.

Сенімді дереккөз NUR.KZ тілшісіне экс-министр Бишімбаевтың ұсталғанын растады. Оған қатысты түсініктеме алу үшін тілші Астана полиция департаментіне қайта хабарласқан, бірақ олардан жауап келген жоқ.

Елорда сотындағылар тілшіге Бишімбаевқа қатысты ақпарат әлі түспегенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045093-prezident-komeksisi-bolgan-10-zylga-sottalgan-eks-ministr-quandyq-bisimbaev-turaly-ne-bilemiz/

pixel