Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысында 14 адамның өмірін жалмаған орман өртінің себебі аталды

Опубликовано:

Абай облысындағы орман өрті
Абай облысындағы орман өрті. Фото: t.me/qr_tjm

Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми сайтында жарияланды.

Ведомство өкілдері таратқан ақпаратқа сәйкес, Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталып, 27 қазанда сотқа жолданған.

Тергеп-тексеру кезінде өрттің шығуына қылқанжапырақты ағаштың діңіне түскен найзағай (құрғақ найзағай) себеп екен. Бұл жер жамылғысының тұтануына әкеп соққан.

Бұл нұсқа сарапшылар мен мамандардың қорытындылары, фото/видео түсірілімдері, куәлардың айғағы және қылмыстық істің басқа да құжаттары арқылы расталған.

Өрт кезінде "Семей-Орманы" резерваты және Новошульбинск филиалының басшылығы заң бойынша жүктелген өрт сөндіру өкілеттіктерін орындамаған, жағдайды теріс бағалаған және өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген, салдарынан 14 адамның өліміне әкеп соққан оқиға болған.

"Семей Орманы" резерваты және Новошульбинск филиалы басшылығының іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сараланып (өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген), үй қамауына алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің лауазымды тұлғаларының әрекетсіздігі дерегімен тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жалғасып жатыр екен.

Мамандардың қорытындысы алынғаннан кейін барлық лауазымды тұлғаның әрекеттеріне құқықтық баға берілетіні айтылады.

Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.

Еске салайық, Абай облысындағы алапат өрт 8 маусымда "Семей орманы" табиғи резерватына қарасты Батпаев орман шаруашылығының аумағында шыққан еді. Алдын ала болжам бойынша, 0,3 гектар аумақта ағаштар жанған. Кейін өрт күшейіп, орманның қалған бөлігіне ойысқан.

Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты.

11 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады. Сонымен қатар оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін, зардап шеккен отбасыларға жеке жәрдемақы тағайындалатынын атап өтті.

Сондай-ақ президент өртке байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында Бас прокуратураға уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырған еді.

Кейін Бас прокуратура Абай облысындағы орман өрті фактілерін тергеу бойынша жаңа деректерді бөліскен еді. Бас прокуратура мәліметіне сүйенсек, "Семей Орманы" резерваты мен Жаңа Шүлбі филиалының басшылығы күдікті деп танылған.

Ірі өрттен соң Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Көлдіков қызметінен кетуге өтініш білдірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045192-abai-oblysynda-14-adamnyn-omirin-zalmagan-orman-ortinin-sebebi-ataldy/

pixel