Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жетісу кітапханаларына келушілер 3 миллионнан аса кітап оқыған

Опубликовано:

Кітап алып тұрған оқырман
Кітап алып тұрған оқырман. Фото: С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхана

Жетісу облысындағы С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхана оқырмандардың мекеменің қорынан алып оқыған кітаптарының санына қарай жыл сайын үздік оқырмандарын анықтап отыруды қолға алды. Биылғы белсенді оқырмандардың есімі қазірдің өзінде белгілі болды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, талдықорғандық Болат Нұржанов жыл басынан бері 70 кітап кітап оқып, облыстық кітапхананың "Ең үздік оқырман" аталымында жеңімпаз деп танылды

"Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі" КММ директоры Самал Шаяхметованың айтуынша, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында тұрақты жұмыстар қолға алынып келеді. Соның ішінде "Оқитын ұлт" республикалық жобасына жетісулықтар белсене қатысуда. Осы жобаның бірнеше бағыттары аясында Ұлттық Академиялық кітапхананың бастамасымен биылғы жылы өңірлік кітапхана ұжымы көптеген ақын-жазушыларды оқырмандарына кеңінен насихаттап, кітаптарын ұсынды. Соның ішінде биылғы жылы "Оқуға құштар жас" республикалық кітап оқу байқауының шеңберінде С.Торайғыровтың "Қамар сұлу", Ә.Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңыз", Р.Отарбаевтың "Біздің ауылдың амазонкалары", Д. Исабековтің "Қарғын" және А.Мантайдың "Жүрекке оралу" шығармаларын жастар арасында жаппай оқуға ұсынылса, жазушы Төлен Әбдіктің шығармашылығы "Бір ел – бір кітап" акциясы барысында ұсынылған. Аталған іс-шараларға облыстан қатысып, белсенділік танытқандар арасында Алакөл ауданының тұрғыны Зухра Кажимова да бар.

"Облыстық кітапхана оқырмандар формулярларының толтырылуына қарай жыл сайын үздік оқырмандарын анықтап отыруды қолға алып отыр. Қазірдің өзінде мәдениет мекемесі бірнеше номинация бойынша белсенді азаматтардың есімдерін анықтап, қорытындысын шығарып қойдық. Жеңімпаздарды желтоқсан айында арнайы марапаттау жоспарланған», - дейді мекеме директоры С.Шаяхметова. Атап айтсақ, Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының "Ең үздік оқырман" аталымында жыл басынан бері 70 кітап оқыған талдықорғандық Болат Нұрғожанов үздік шықса, Талдықорған қаласының Өтенай ауылында тұратын 75 жастағы зейнеткер Болатбек Тойбеков 62 кітап оқып, "Ардагер оқырман" ретінде танылды. Ал 51 кітапты оқып тауысқан талдықорғандық жеке кәсіпкер Жаңыл Нұртаеваға "Белсенді оқырман" номинациясы беріліп отыр.

Кітап алып жатқан оқырман
Кітап алып жатқан оқырман. Фото: С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхана

"Бала жасымнан кітап оқуға құмар болдым. Сейфуллин атындағы кітапханаға жиі барамын. Айына 5 кітапқа дейін оқып тастаймын. Өзім жастайымнан әскери салада қызмет істегеннен кейін бе, Бауыржан Момышұлы, Тахауи Ахтанов, Әди Шәріпов, Кемел Тоқаевтардың шығармалары жаныма жақын. Кітапты неғұрлым таңда ерте тұрып оқуға тырысамын, себебі таңға жақын оқыған кітап әлдеқайда сіңімді, әрі миды қозғалысқа келтіруге көп көмектеседі", - дейді Болатбек Тойбеков.

Айта кетейік, жалпы Жетісу облысының кітапханалар жүйесінде 147 мекеме бар. Облыс бойынша 2,8 миллионға жуық кітап қоры бар. Өткен 9 айда облыс кітапханалар қызметіне 1,6 млн адам жүгінген. Кітап берілімі 3,3 миллионға жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045214-zetisu-kitapxanalaryna-kelusiler-3-millionnan-asa-kitap-oqygan/

pixel