Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-ның Қазталов ауылында 600 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді

Опубликовано:

Жаңа мектеп
Фото: БҚО әкімдігі

Білім беру саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде Жайық өңіріндегі мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Соның ішінде ауылдық жерлерде ауқымды істер жүзеге асырылып жатыр.

Қазталов ауданының орталығында Алма Оразбаева атындағы мектеп оқушылары жаңа ғимаратқа көшті. Өйткені бұрынғы нысан әбден тозып, апатты жағдайда деп танылған. Балалар енді кең, жылы, қауіпсіз мектепте оқитын болды.

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның туғанына 125 жыл. Оның есімін иеленген мектептің жаңа ғимаратын қолданысқа беру рәсімі атаулы датамен тұспа-тұс келіп отыр. Салтанатты шараға жергілікті тұрғындар, зиялы қауым мен әкімдік өкілдері қатысты.

Жаңа мектеп
Фото: БҚО әкімдігі

Мектеп 600 орынға шақталған. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған еді. Жобаға 2,7 млрд теңге жұмсалды. Жаңа нысанда балалардың интелектуалдық және шығармашылық қабілетін шыңдау үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Мұнда 32 оқу кабинеті, 11 интерактивті тақта мен 10 интерактивті панель бар. Сонымен қатар шеберхана, информатика және робототехника кабинеттері, спортзал, 2 кітапхана, 270 орындық асхана мен 130 орындық актзал жабдықталған. Арт студия, фото студия және психологиялық тренинг кабинеті тағы бар. Ағымдағы оқу жылында бұл мектепте 549 бала білім алады.

"Оқыту қазақ тілінде жүргізіледі. Биыл 1-сыныпқа 51 оқушы қабылданды. Ал мектепалды даярлық сыныбында 39 бала тәрбиеленіп жатыр. Мектепте 87 педагог қызмет атқарады", - делінген аудандық білім беру бөлімінің ресми мәліметінде.

Жаңа мектеп
Фото: БҚО әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласын дамытуға басымдық беріп отыр. Халыққа Жолдауында Үкіметке "Жайлы мектеп" жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салуды тапсырды. БҚО-да дәл осы бағдарлама негізінде таяуда тағы 18 мектеп бой көтереді.

"2023 жылы 9 мектептің құрылысын бастап, оларды 2024 жылы іске қосу жоспарланған. Қазір бесеуінің құрылысын бастап кетті. Қалған төртеуіне қатысты конкурстық рәсімдер жүзеге асырылуда. Ал 2024 жылы тағы 9 мектептің құрылысы басталып, 2025 жылы іске қосылады. Жалпы енді осы мектептердің құрылысы аяқталған кезде облыстағы үшауысымды мектептердің мәселесі толық шешіледі", - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045496-bqo-nyn-qaztalov-auylynda-600-oryndyq-zana-mektep-qoldanysqa-berildi/

pixel