Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда экологиялық таза отынды пайдаланатын жаңа автобустар жүретін болады

Опубликовано:

Жаңа автобустар
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстауда Ақтау қалалық және Мұнайлы ауданының бағыттары бойынша жолаушылар тасымалына арналған 30 заманауи автобустың кілті табысталды. Жаңа автобустар өңір тұрғындарын сапалы және қолжетімді қоғамдық көлікпен қамтамасыз ете отырып, аудан орталықтары мен облыс орталығын байланыстырмақ. Жыл соңына дейін тағы 90 автобус келеді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Метан жағармай қозғалтқыштары бар жаңа автобустардың арқасында облыста ескі қоғамдық көліктер саны азаятын болады. Бұл өз кезегінде ескі автобустардан бөлінетін зиянды шығарындыларды азайтып, өңірдің қала аудандарында экологиялық тұрақтылықтың сақталуына септігін тигізбек.

Сондай-ақ автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін "Каспий Автопарк" ЖШС техно паркінің аумағында орналасқан алғашқы метан газ құю станциясы пайдалануға берілді. Технопрак аумағында газ құю бекетінен бөлек, автобус маршруттарын бақылауға және қоғамдық көліктегі ішкі бейне бақылау жазбаларын көруге мүмкіндік беретін диспетчерлік бөлме бар.

Нұрлан Ноғаев жаңа автобустардың тұсаукесерінде
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Ақтау қаласының климатына сай жасақталған жаңа автобустарда барлық жағдай қарастырылған. Онда желдеткіш жүйесі, жеті бейнебақылау камерасы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған аппарелла мен (пандус) GPS жүйесі бар. Ал автобустардың басты артықшылығы – метан жағармайымен жұмыс істейтін қозғалтқыш.

Автобустарды сатып алу және метан жағармай құю станциясын іске қосу облыстық және қалалық әкімдіктердің қолдауымен "Каспий Авто паркі" ЖШС және "Каспий "ӘКК"-нің инвестициялық жобасы шеңберінде жүзеге асырылды.

Жаңа автобустар
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Жобаның мақсаты - Маңғыстау облысы бойынша жолаушылар тасымалын қоғамдық көлікпен қамтамасыз етуде барынша қауіпсіздікті, ыңғайлылық пен сапаны қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірдің автобустар паркін жаңарту.

Жобаны іске асыру кезінде 460 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Осы мақсатқа жету үшін ағымдағы жылдың соңына дейін QazTehna ЖШС отандық өндірушісінен "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ лизингтік қаржыландыруды пайдалана отырып, метан қозғалтқыштары бар 120 жаңа автобус сатып алу жоспарланған.

Нұрлан Ноғаев жаңа автобустардың тұсаукесерінде
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев басты мақсат Маңғыстау облысында қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалы барысында қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерді қамтамасыз ету екенін атап өтті.

"Бүгін – өңір үшін маңызды күн, өйткені облысқа 30 жаңа автобус келді. Жыл соңына дейін тағы 90 дана келеді деп жоспарланып отыр. Осы тұста атап өткім келетіні, 2020-2022 жылдар аралығында облысымызда бірқатар бағыттағы автобустар жаңартылып, су жаңа отандық 46 жаңа автобус іске қосылды. Сонымен қатар бүгін өңірдегі алғашқы метан газ құю станциясының ашылуы. Маңғыстау облысында сұйытылған газды тұтыну еліміз бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. Ал метан отынын пайдалану сұйытылған газға жүктемені азайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Біздің мақсатымыз - Маңғыстау облысында жолаушыларды қоғамдық көлікпен тасымалдау бойынша қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерді қамтамасыз ету, автобустарды күту уақытын қысқарту және жолаушылар тасымалы нарығына жаңа сапалы автобустар ұсыну", - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045840-aqtauda-ekologiyalyq-taza-otyndy-paidalanatyn-zana-avtobustar-zuretin-bolady/