Салтанат Нүкенованың өлімі: "Гастроорталық" директоры Бишімбаевтың туысы болып шықты
Жарияланған күні:
Астананың бас прокуроры Ерлан Өтегенов Rixos қонақүйіндегі кулуарда ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ерлан Өтегенов іс тергеліп жатқанын, барлық сараптамалық зерттеу жүргізіліп жатқанын еске салды.
"Бишімбаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды, 2 айға қамалды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр", - деді ол.
Ол сондай-ақ іс бойынша екінші ұсталған адамның кім екенін айтты.
"Ол "Гастроорталықтың" директоры, олардың туыстық қатысы бар. Бейнекамералар, иә, мұндай фактілер бар (олардан жазба жойылған – ред.ескертпесі). Бейнекамералардан түскен жазбалар қалпына келтірілді", - деп түйіндеді Астананың бас прокуроры.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынғаны хабарланған. Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро орталығының" директоры да қамауға алынғанын жазған едік.
Айта кетсек, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
Сонымен қатар 10 қарашада Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтінде түсірілді деген сурет желіде тараған. Сондай-ақ экс-министрдің әйелі Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталғанын жазған едік.
12 қарашада Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Ал қарашаның 15-і мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова зорлық-зомбылық туралы заң жобасын шұғыл түрде мәжіліске енгізуді талап еткені туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046723-saltanat-nukenovanyn-olimi-gastroortalyq-direktory-bisimbaevtyn-tuysy-bolyp-syqty/