Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астаналық студент оқытушы тиіскенін мәлімдеді: ЖОО ректоры пікір білдірді

Опубликовано:

Оқу орны
Аудитория. Көрнекі фото: pixabay.com

Желіде "Астана медицина университеті" КеАҚ студенті ЖОО оқытушыларының бірі тиіскенін мәлімдеген еді. Кеше университет ректоры Камалжан Надыров Facebook-тегі парақшасында жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Құрметті әріптестер, студенттер! Уәде еткенімдей, мен сіздермен жақында біздің университеттің студенті мен оқытушысы арасында болған оқиғаға қатысты қызметтік тексеру барысы және қабылданған шешімдер туралы ақпаратпен бөлісіп отырмын.

Өздеріңіз білетіндей, осы оқиғаның бірінші күнінен бастап мен осы жағдайды жан-жақты зерттеу үшін арнайы Комиссия құрдым. Басынан бастап, менің Ректор ретіндегі ұстанымым нақты - ашық, біржақты емес тексеру жүргізу және әділ шешім шығару.

Бірнеше күн талқылап, барлық тараптардың дәлелдерін зерделегеннен кейін Тәртіптік комиссия осы оқытушыны жұмыстан шығару туралы ұсыныс жасау жөнінде шешім қабылдады. Мен бұл шешімді қолдадым", - деп жазды "Астана медицина университеті" КеАҚ ректоры.

Оның айтуынша, мұндай қатаң шешім шығаруға ішкі нормативтік құжаттардың бірқатар талаптарын бұзуы, атап айтқанда - оқытушылардың барлық құқығы мен міндеті нақты жазылған Корпоративтік мәдениет және этика кодексін бұзуы себеп болған.

Сондай-ақ Камалжан Надыров ЖОО аталған студентке кәсіби заңгерлік және психологиялық көмек көрсету шараларын қабылдайтынын айтты.

"ЖОО осындай жағдайларды болдырмауға бағытталған барлық қажетті әрекетті жасайды, атап айтқанда – кез-келген студент немесе қызметкер жасырын түрде өтініш бере алатын сенім телефоны мен сенім жәшігін құру.

Харассмент жағдайларының алдын алу саласындағы сарапшыларды шақыра отырып, ұжым мен студенттер үшін тұрақты негізде дәрістер өткізіледі", - деді ректор жазбасында.

Ректордың сөзінше, ЖОО-дағы оқытушылар мен студенттердің құқықтары мен міндеттерін реттейтін ішкі ережелер пысықталады.

"Шынымды айтсам, шешім оңай болған жоқ. Бірақ бұл шешіммен мен өзімнің құрметті ұжымыма және студенттеріме мынаны жеткізгім келеді. Біздің ұжым өз ісіне берілген және біздің университеттің болашағына бей-жай қарамайтын жоғары білікті педагогтар мен клиницистер екеніне сенімдімін. Біз әрқашан ар-намысымыз бен кәсібіміздің кіршіксіз тазалығын қорғаймыз! Барлығыңыз түсінуіңіз керек, біздің еліміз әділ қоғам құру курсына бағыт алды, онда адам құқықтары мен бостандықтарына қандай да бір қысым көрсетуге орын жоқ. ЖОО басшылығы осы курсты бұдан былай да қатаң ұстанатын болады", - деп жазды Камалжан Надыров.

Айта кетейік, бұған дейін "Астана медицина университеті" КеАҚ студенті ЖОО оқытушыларының бірі тиіскенін, оқиғаның қалай болғанын мәлімдеген еді. Қазір полиция бұл жайтқа қатысты тергеу жүргізіп жатқанын жаздық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046835-astanalyq-student-oqytusy-tiiskenin-malimdedi-zoo-rektory-pikir-bildirdi/

pixel