Жамбылдық оқушылардың жаппай астан улануы: мамандар сараптама қорытындысын айтты
Жарияланған күні:
Жамбылда оқушылардың астан улануына асхана қызметкрелерінің тазалық сақтамауы себеп болған. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары осындай қорытынды шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тексеруші тарап 14 түрлі тағамнан сынама алған. Нәтижесінде күріш пен тауық етінен ішек таяқшасын тапқан. Мамандар асханадағы тағамдар талапқа сай сақталмаған дейді. Аспаздардың жеке гигиена ережелерін елемеуі тамақ дайындау технологиясының бұзылуына әкелген. Соңғы сараптама қорытындысында "стафилококк" анықталды. Сондай-ақ асқа жауапты мектеп медбикесі, әлеуметтік қызметкер мен жеке кәсіпкерден де сынама алынған. Қазіргі таңда құзырлы орган қызметкерлері кінәлілерді анықтап жатыр. Салақтыққа жол бергендер бір жарым млн теңге айыппұл арқалауы мүмкін.
"Микробиологиялық зерттеудің 24 сынамасын алсақ, оның 12-сі оң нәтиже көрсетті. Сонымен қатар 12 жұмысшыға зертеу жүргіздік. Оның үшеуі оң нәтиже көрсетті. Барлығы – мектеп асханадасында жұмыс істейтіндер. 80 шайындының 14 шайындысында бактериялық ішек таяқшалары анықталып отыр. Химиялық зерттеуге 17 сынама алдық, оның алтауы талапқа сәйкес келмеді", - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева.
Еске салайық, екі апта бұрын Байзақ ауданы, Киікбаев гимназиясының 70-ке оқушысы астан ұшынған болатын. Салдарынан 35 адам ауруханаға жатқызылды. Науқастар арасында екі мұғалім де бар. Ал сол күні бастауыш сыныпта оқитын 440 бала тағам тұтынған. Осы оқиғадан кейін мектептегі асхана қызметі әлі күнге тоқтап тұр.
Автор: Ұлдана Жұбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046948-zambyldyq-oqusylardyn-zappai-astan-ulanuy-mamandar-saraptama-qorytyndysyn-aitty/