Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бразилияда Қазақстан намысын қорғаған атыраулық желаяқ отбасымен апатты үйді паналап жүр (видео)

Жарияланған күні:

Руслан Орынбасаров
Руслан Орынбасаров. Фото: жеке мұрағатынан

Былтыр Бразилиядағы Сурдлимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан Қазақстан намысын қорғаған спорт шебері Руслан Орынбасаров анасы және келіншегімен Атырау облысындағы ескі аурухананың апатты деп танылған ғимаратында тұрып жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

29 жастағы Руслан Орынбасаров – жеңіл атлетикадан мүгедектігі бар жандар арасында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық, әлемдік жарыстардың жүлдегері, Бразилияның Кашиас- ду-Сул қаласында өткен ХХIV жазғы Сурдлимпиада ойындарының қатысушысы. 150-ден аса медаль иегері жеңіл атлетикамен 5-сыныптан бері айналысады. Спортшы отбасымен бірге Атырау облысына қарасты Махамбет ауданында 18 жылдан бері апатты үйді паналап келеді.

Руслан Орынбасаров Бразилиядағы Сурдлимпиадада.
17 нөмірлі Руслан Орынбасаров. Фото: жеке мұрағатынан

"Баламның тілі туғалы шықпады. 7 жасында Ақтөбедегі есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатына түсті. Сол жерде оқып жүріп, жеңіл атлетикамен айналысуды бастады. Бармаған жарысы жоқ, барлығынан да жоғары нәтижеге қол жеткізеді, үйге медальсіз келмейді. Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының мүшесі. Бірақ есту қабілеті төмен спортшылар арасында өткен төрт жылдықтың басты бәсекесіне жолдама алу Русланға оңайға түспеді. Мықтылармен жарысқа түсіп, жолдаманы ақыры жеңіп алды. Өзінің қайтпайтын мінезінің арқасында. Бір өкініштісі – 18 жылдан бері осы апатты үйде тұрып келеміз. Бір бөлмелі аядай бөлмеде балам, келінім, үшеуміз тұрамыз. Келінімнің аяғы ауыр. Жақында балалы болады. Жастармен бір бөлмеде тұру тіпті ыңғайсыз. Басқа баратын жеріміз жоқ", - дейді Русланның анасы Гүлхан Салихова.

медальдары
Медальдары. Фото: Руслан Орынбасаровтың жеке мұрағатынан

1969 жылы салынған ескі аурухананың ғимаратын 14 отбасы паналап отыр. 2004 жылы әр отбасыға бір бөлмеден берілген. 2019 жылы апатты болып танылған үйдің тоз-тозы шыққан. Кірпіштері мүжіліп, құлап жатыр. Жаңбыр жауса шатырдан су ағады.

"Үйді алған кезде терезесі жоқ, орнына пакет болған. Басқа баратын жеріміз болмағасын осы жерге көштік. Қанша жөндеу жүргізсек те, ескінің аты – ескі, ұзаққа шыдамайды. Әкімдікке көмек сұрап талай бардық, бірақ ол жерде үйдің кезексіз берілмейтіндігін айтады. Руслан мүмкіндігі шектеулі жан ретінде үй кезегінде 33-ші болып тұр, өзім апатты үй санаты бойынша 29-шы болып тұрмын. Елінің намысын қорғап жүрген спортшыға ауданда көңіл бөлінбей отырғаны қынжылтады", - дейді анасы.

Руслан Орынбасаров
Руслан Орынбасаров марапат алу сәтінен фото: жеке мұрағатынан

Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев аталған мәселемен таныс. Айтуынша, қазіргі кезде ауданда 60-үйлік пәтер салынып жатыр. Ол 2024 жылдың көктемінде беріледі. Жаңа пәтерлер кезекте тұрған ауыл тұрғындарына беріледі. Олар – жетімдер, аз қамтылған отбасылар, бюджет қызметкерлері және апатты үйлердің тұрғындары.

"Ескі аурухананың ғимаратын тұрғындар 2004 жылы меншіктеп алған. Оның ішінде басқа адамдарға кері сатып жібергендер де бар. Берілген кезінде үй тұруға жарамды болды. Алайда тұрғындарда ПИК жоқ, өздері де күтіп ұстамаған. Бұл үйде тұрып жатқан 14 отбасының 8-і кезекте тұр. Олар үйді тек кезекпен ала алады. Қазіргі кезде бұл мәселені жоғарғы жаққа айтып, басқа да шешімін қарастырып жатырмыз. Атыраулық спортшыға келетін болсақ, ол жігіт Махамбет ауданының тумасы, осы жерде тұрады. Бірақ Ақтөбе облысында жаттығады, жарыстарға сол өңірдің атынан шығады", - деп жауап берді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047940-braziliyada-qazaqstan-namysyn-qorgagan-atyraulyq-zelayaq-otbasymen-apatty-zagdaidagy-uidi-panalap-zur-video/