Келер жылы Наурызбай ауданының мың оқушысы мектеп автобусымен тегін қатынайды
Жарияланған күні:
Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева Өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырған брифингте жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жасалған жұмыстар туралы есеп берді.
Бүгінде Наурызбай ауданында 200 мыңға жуық адам тұрады. Ауданда барлық салада өсім байқалады. Назира Тоғызбаева ауданда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі тұрғындар мемлекеттің қолдауында және қорғауында екенін жеткізді. Ауданда ардагерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір» сүру орталығы ерекше жандарды жан-жақты қолдау мақсатында «Тең қоғам» жобасы жұмыс істейді. «Бақытты отбасы» орталығы көпбалалы 836 отбасыға әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді.
Аудандада 4 емхана, 1 дәрігерлік амбулатория, 3 аурухана, 2 жедел жәрдем қызметінің станциясы бар. Алдағы уақытта Құрамыс және Шұғыла шағын аудандарында 2 емхана, Ақжар шағын ауданында 1 амбулатория салу жоспарланған. Сондай-ақ, Шұғыла және Ақжар шағын аудандарында екі Денешынықтыру және сауықтыру кешені бой көтереді.
Наурызбай ауданында 27 мектепте 30 мың оқушы білім алады. Аудан әкімі Назира Тоғызбаева 4300 оқушыға орын жетпейтінін айтып отыр. Ал бұл мәселені шешу үшін №174 мектептің жанынан қосалқы ғимарат құрылысы бой көтермек.
«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 3700 орынға арналған екі мектеп салынып жатыр. Одан бөлек, қазан айында 5500 орынды құрайтын үш мектеп құрылысы басталды. Мектептер Құрамыс және Шұғыла шағын аудандарында, Сәбденов көшесі бойында орналасқан», – деді Наурызбай ауданының әкімі.
Биыл басталған «Мектеп автобусы» жобасы аясында аудан бойынша 2400 оқушыны 27 автобус тегін тасымалдайды. 2024 жылғы қаңтар айынан бастап 1000 оқушыны қамтитын тағы 16 жаңа көлік пайдалануға беріледі.
Ауданда ашылған оқушылардың көпфункционалды инновациялық орталығында цифрландыру, программалау тілі бойынша 2200 бала тегін оқиды. Бұдан бөлек «Дамубала» бағдарламасы аясында 10 мыңнан астам бала тегін үйірмелерге қатысып жүр.
Наурызбай ауданында 7400 бала балабақшаға барады. 2024 жылдың басында «Шұғыла» шағын ауданындағы 320 орындық балабақша ашылады. Биыл желтоқсан айында «Шұғыла», «Құрамыс» шағын аудандарында 640 балаға есептелген 2 балабақша құрылысы басталады.
Назира Тоғызбаева Наурызбай жаңа аудан болғандықтан инженерлік желілердің жағдайын да айта кетті.
«Аудан бойынша 624 трансформаторлық подстанция бар, оның 214-і – «АЖК» АҚ балансында. 2017-2022 жылдары 80 подстанция сот шешімі бойынша қала әкімдігінің балансына берілді. «АЖК» АҚ балансынан қала балансына өткен кезде трансформаторлық подстанцияның бәрі жаңғыртылады. 2024 жылғы мамырға дейін тағы 20-сын беру жоспарланған», – деді әкім.
Сондай-ақ Шұғыла, Ақжар, Таусамалы, Құрамыс, Рахат, Қарағайлы және Қалқаман шағын аудандарының аумағында электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңарту жұмыстары аясында 65 км электр желісі және 39 трансформаторлық қосалқы станциялар ауыстырылып, жөндеуден өткізілді. Жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталған соң жарық жағдайы реттеледі дейді әкім.
«Аудан 98%-ға сыртқы жарықтандыру желісімен жабдықталған. 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 59 көшеде жалпы ұзындығы 43 шақырымға жететін сыртқы жарықтандыру құрылысы аяқталды. Сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерде, балалар ойын алаңдарда және жаяу жүргіншілер аймақтарында 400-ден астам жарықтандыру тіректері орнатылды. Аудан бойынша 16 мыңнан астам жарық нүктелері бар», – деді Назира Тоғызбаева.
Аудан тұрғындарынан көше жарығына байланысты шағымдар жиі түседі. Бұл мәселені шешу үшін қала әкімінің тапсырмасымен «Алматы Қала Жарық» АҚ-қа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 325 млн теңге қаражат бөлінді.
Сондай-ақ, ауданда 2021 жылы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы демеушілермен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтарының 33 абонентін газға қосып берді. Жыл соңына дейін тағы да осындай 41 отбасы орталық газ жүйесіне қосылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048062-keler-zyly-nauryzbai-audanynyn-myn-oqusysy-mektep-avtobusymen-tegin-qatynaidy/