Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Инновациялық шешімдер алаңы: елордада IT FEST-2023 фестивалі өтті

Опубликовано:

IT FEST-2023 фестивалі
Фото: ҚБТУ

Астанада IT FEST-2023 инновациялық идеялар және EDU Fest білім фестивалі өтті. Инновациялық идеялар фестиваліне мектептердің, колледждердің, университеттердің білім алушылары мен оқытушылары қатысты.

Қатысушылар ақпараттық технологиялардың заманауи әлемін зерттеуге, ғылым мен инновациядағы жаңа трендтермен танысуға мүмкіндік алды.

IT FEST-2023 фестивалі
Фото: ҚБТУ

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Асқар Хикметов инновациялық фестивальге 2 500-ден аса адам қатысқанын айтты.

"Бұл фестиваль – технологиялық топтарды, компанияларды, қатысушыларды біріктіретін алаң. Қатысушылар екі күн ішінде идея ойлап тауып, өндірісте қолдана алатын IT-шешім ұсына алады", - деді ол.

Фестиваль NNEF қоғамдық қорының 25 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр.

ҚБТУ ректоры Маратбек Габдуллин іс-шара жайлы айтты.

"Бүгінде университетіміз жасанды интеллект, робототехника, машиналық оқыту сияқты шешімдерді белсенді түрде оқытып келеді. Фестивальде екі секцияны таныстырамыз. Оның бірі – дайын шешімдер. Мұнда стартаптар конкурсы өткізіледі. Екінші секция – ол Game Development жаңа бағыты. Мұнда видео ойындар таныстырылады", - деді ол.

Қазақстан-Британ техникалық университетінде қазірдің өзінде жасанды интеллектіні енгізу қолға алынған. ҚБТУ жанындағы GameLab, ойын құрастыру және зерттеу зертханасы Қазақстандағы геймдев саласында көшбасшы ретінде танылып, ойын индустриясы әлемінде студенттерге шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға бірегей мүмкіндік беріп жатыр.

Фестивальде студенттер өздері жасаған IZ деп аталатын видео ойынды таныстырды.

Назым Жұмабаева
Фото: ҚБТУ

"Біз ҚБТУ-да оқитын қыздармен бірге қазақ мәдениеті туралы ойын жасағымыз келді. Сөйтіп бір жыл бұрын GameLab өткізген жазғы мектепте ойынымызға идея тауып, түркі қазақ мифологиясы туралы ойын жасадық. Ойынның басты сюжеті – зұлым ұрлап кеткен сіңілісін құтқарғысы келетін қыз туралы. Ойын кезінде ойыншы әртүрлі кейіпкермен танысады. Мысалы, жезтырнақ, мыстан кемпір, албасты, жалмауыз кемпір", - дейді Назым Жұмабаева.

Energo University университетінің ректоры Мұрат Сыздықов энергетика саласындағы мәселелерді шешуге ЖОО көмектесетінін айтты.

"Университетіміз екі жылдан кейін 50 жылдығын атап өтеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, энергетика саласындағы мәселелер өзекті болып отыр. Сондықтан сол салаларды дамытудың негізгі жолы – цифрландыру, ақпараттық технологияларды барынша қолдану", - деп түсіндірді Сыздықов.

IT FEST-2023 фестивалі
Фото: ҚБТУ

UIB ректоры Анар Махметова өзі басқарып отырған университет фестивальде дизайн және анимация секциясына жауапты екенін атап өтті.

"Университетіміз фестивальдегі 8 секцияның ішіндегі дизайн және анимацияға жауапты. Секцияға IT университеттердің студенттері ғана емес, құрылыс, Т.Жүргенов атындағы университеттің студенттері жазылған", - деді UIB ректоры.

Сонымен қатар Astana IT University ректорының м.а. Серік Өмірбаевтың сөзінше, IT FEST-2023 фестивалі ақпараттық технологиялар саласындағы білімі мен тәжірибесінің деңгейіне қарамастан, баршаға ашық.

"Университеттің мақсаты – ақпараттық технологияларды дамытуға барынша үлес қосу. IT саласының дамуына және жоғары сапалы IT-білімнің қалыптасуына бірлесіп ықпал ететінімізге сеніміміз мол", - деп фестивальге қатысушыларға сәттілік тіледі Серік Өмірбаев.

IT FEST-2023 фестивалі
Фото: ҚБТУ

ХАТУ үшін бұл жиынинновациялық жетістіктерді көрсетуге арналған ақпараттық алаң. Мысалы, ЖОО Цифрлық бизнес-мектеп жобасын ілгерілетуде. Бизнесті цифрландыру дамыған сайын мамандарға сұраныс пен оларға деген еңбек нарығының талаптары өзгереді.

Фестивальде Halyk Bank-тің IT және инновациялар жөніндегі басқарушы директоры Андрей Заварзин бизнестің цифрлық трансформациясы жайлы айтты.

"Бизнес пен қоғамның цифрлық трансформациясы – соңғы онжылдықта үздіксіз жалғасып келе жатқан процесс. Цифрлық трансформацияға қатысты оқулық жоқ, барлығы тез өзгеріп жатыр. Десе де қазір жинақталған тәжірибені қорытындылап, болашаққа көз жүгіртіп көреміз", - дейді ол.

Іс-шараға Яндекс Қазақстан да демеуші. Оның сарапшылары Yandex Cloud технологияларын пайдалана отырып, Алиса дауыстық көмекшісінің дағдыларын дамыту бойынша тренингтік хакатон, пайдалы дәрістер, шеберлік сабақтарын өткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048167-innovaciyalyq-sesimder-alany-elordada-it-fest-2023-festivali-otti/

pixel