Бас прокуратура: Самат Әбіш тергеуге кедергі келтіріп жатқан жоқ
Жарияланған күні:
Бүгін мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбішке қатысты іс бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жандос Өміралиев Самат Әбішке қатысты ешқайда кетпеу жөніндегі бұлтартпау шарасы қабылданғанын еске салды.
"Бұлтартпау шарасы өзгертілген жоқ, оны өзгертуге негіз жоқ. Өйткені оның тергеуге кедергі келтіріп жатқаны, я болмаса жауап беруге келмей жатқаны туралы фактілер анықталған жоқ, сондықтан бұлтартпау шарасы өзгертілмеді", - дейді ол.
Оның айтуынша, Самат Әбішке қатысты іс бойынша тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізіп жатыр.
Жандос Өміралиев Самат Әбіш қашып кетуі мүмкін бе деген сауалға: "Ешқандай қауіп жоқ", – деп қысқа қайырды.
Естеріңізге сала кетсек, биылғы қыркүйекте Бас прокуратура ведомствоның арнайы прокурорлары ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты "қаңтар оқиғалары" кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған еді.
Бұл ретте Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай Самат Әбіш Қазақстанда екенін, ол ешқайда кетпеу туралы қолхат бергенін мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048483-bas-prokuratura-samat-abis-tergeuge-kedergi-keltirip-zatqan-zoq/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.