Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Зардабы мың жылға дейін сақталады": Ақтөбе облысындағы ядролық сынақ алаңы болған аймақ халқы неге қапалы

Жарияланған күні:

Бисен Жақан
Бисен Жақан. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Қалдайбек ауылы - 36 жыл бұрын ядролық сынақ алаңы болған жерге ең жақын елді мекеннің бірі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оның салдарынан ауылда 90-ға жуық адам қайтыс болған. Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын тәжірибелік әскери полигон болған аймаққа KAZ.NUR.KZ тілшісі арнайы барды.

1987 жылы Байғанин ауданы Жарқамыс селолық округіне қарасты Тасқора деген жерде 20 килотонна атом бомбасы сыналған. Кеңес одағы кезінде ең үлкен жарылыс болған полигон орнында бүгінде белгі де жоқ.

Оқиға орнына қасіретті жылдарды көзімен көрген "Невада-Семей" қозғалысының 91 жастағы белсендісі Бисен Жақан ақсақал ертіп апарды.

"Жарылыс болған Тасқора деген жердің басында тұрмыз. 1992 жылдары мұнда диаметрі 300 метр жерге жақындауға болмайды деген белгі болды. Оны малшылар, өткен-кеткен адамдар алып кеткен. Жарылыс қырдың етегінде болды. Жердің бетінде көзге көрінетін өзгеріс болған жоқ. Жарылыс жердің астында 1020 метр тереңдікте жасалды. Жердің астында қатты тау жынысы бар. Бізді сол құтқарып қалды. Бірақ радиация зардабы мың жылға дейін сақталады", - деді Бисен ақсақал.

Ауыл тұрғынының айтуынша, бетон құйылған алақандай жерде бұрын жер астынан шығарылған мұржа болған. Оны да ауыл тұрғындары қызығып, шешіп алып кеткен. Бірақ бұл жерде қалған заттарды алғандардың барлығының денесі ойылып, көп ұзамай қайтыс болған дейді.

Қалдайбек ауылының орны
Қалдайбек ауылының орны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қалдайбек - жарылыс болған жерге ең жақын ауылдың бірі. Ядролық жарылыстың қасіретін көрген ауыл апатты аймақтан 16 шақырым жерде. Ол кезде ауыл тұрғындары атом бомбасы туралы ештеңе білмеген. Байғанин аудандық ауруханасының кардиолог дәрігері Нұркен Мұңайтпасов еш жерде айтылмаған мәліметтерді баяндап берді.

Нұркен Мұңайтпасов
Байғанин аудандық ауруханасының кардиологы Нұркен Мұңайтпасов. Фото: KAZ.NUR.KZ

"1987 жылға дейін Ақтөбе облысында 11 рет жарылыс жасалған. Соның 10-ы Қалдайбек аймағында болды. 1989 жылы "Невада – Семей" қозғалысы ашылды. Сол кезде ғана осы Қалдайбек туралы айтыла бастады. Дерек бойынша 1987 жылы бір ғана ауылда 46 адам қатерлі ісікке шалдығып, 23 адам қан қысымы ауруынан көз жұмды, 5 адам қан ауруларынан қайтыс болды. Бір ауылда сол жылы 87 адам о дүниелік болды", - дейді дәрігер.

Нұркен Мұңайтпасов ол кезде аудандық аурухананың бас дәрігерінің бірінші орынбасары болған.

"Бұл жағдай айтылмай қалды. Радиоактивті қорғасын, стронций секілді зиянды қалдықтардың табиғатта сақталу ұзақтығы 200-250 жылға дейін жететіні ғылыми дәлелденген. Сондықтан қазіргі Семей, Арал аймағына көрсетіліп жатқан жеңілдіктер Байғанин ауданына да берілуі керек. Жабылды, іс бітті деп қалмау керек. Адамдардың денсаулығын жүйелі тексеріске алу керек. Бұрын ешкімді сөйлетпеді. Шын мәнінде Қалдайбектегі әйелдер арасында түсік көп болды.

Балалар кемтар боп өмірге келді. Мал ауруы да аз болмады. Бір қора малы бір түнде қырылып қалған жағдайлар кездесті. Әсіресе түйе өлімі. Дәрігерлерге гиповитаминоз, авитаминоз деген диагноз қоюға рұқсат жоқ, сотталып кететін. Иммунитет жоқ, бойында радиация бар адамдар аз болмады. Мәліметтерді шығармау жөнінде нұсқама болғаны рас", - деді Байғанин аудандық аурухана кардиологы Нұркен Мұңайтпасов.

Қасіретті көзімен көргендер не дейді

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жарылыс болған кезде көшірілмей қалған фермадағы барлық түйе бота-тайлағымен бірге қырылып қалған.

санық алаңы
Ядролық полигон орны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ол кезде 30-ға толмаған, жас болдық. Әкем мал бақты. Жарылыс болатын кезде біздің ферманы көшіріп жіберді. Жарылыс болатынын білмедік. Бірақ адамдар сезді. Сыртта тұрған ошақ жарылып, үйдегі жиһаз қозғалды. Кейін бәрі бір-біріне айтып, жарылыс болғаны расталды. Зияны болады деген ой келмеді", - дейді ауыл тұрғыны Марат Сағиданов.

Жарқамыс ауылының 80 жастан ақсақалы да оқиға куәгері.

Айтуған Жұбаналин
Айтуған Жұбаналин. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ол кезде біз құрылыс саласында жұмыс істедік. Жарылыстың салдары ешкімге түсіндірілген жоқ. Тек ештеңе алмаңдар, ұстамаңдар деп айтты. Бірақ аңғал жатқан ауыл адамдары сенген жоқ. Көбісі жарылыс кезінде қолданылған заттарды ұстап, үйіне әкеліп, ұзамай қайтыс болды. Беттері ойылды. Селқос жүріп, өліп тынды. Малшылар да өлді. Оны жарылыстан болды деп ешкім айтпады.

Ауыл халқы бәрін екі жылдан кейін ғана түсінді. Халық іштей тынып, өз ауруымен қалды. Әсіресе Қалдайбек халқы көп зардап шекті. Нардай жігіттер кетті. Адам айтса нанғысыз түрлі бала өмірге келді. Бала секілді ұстауға келмейтін шараналар көп болды. Олар ұзаққа бармады. Әйелдер бала көтере алмай қалды", - деді Жарқамыс тұрғыны Айтуған Жұбаналин.

Бисен Жақан
Бисен Жақан. Фото: KAZ.NUR.KZ

Отыз жылдан бері Қалдайбек туралы жазып та, айтып та жүрген тарихтың тірі кейіпкері - Бисен Жақан ақсақал. 91 жастағы қарттың Қалдайбектегі жарылыс туралы төрт кітабы шыққан. Қария ауылға жағдай жасалмағанына қапалы.

ауыл
Ауыл көрінісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Жарылыстың зардабын тартқан ауылға мемлекет жағдай жасаған жоқ. Қасіреті жойылмаған жарылыс ұмытылмауы тиіс. Арал өңірін апаттық аймаққа жатқызды. Бізге де сондай жеңілдіктер берілсін. Ауру адамдардың емделетін ақшасы жоқ. Соларға жағдай жасауы керек деп білемін. Зейнетке ерте шығару мәселесін де қарау керек.

Бұл жерде құламаған шаңырақ, жыламаған үй қалған жоқ. Оған бір шара қабылдап, жәрдем болды ма? Жоқ, болмады. Тарихты ешкім өшіре алмайды. Келешек ұрпаққа не деп жауап береміз? Сол жарылысты көрген екі ауылдың бір Қалдайбек қазір жойылып кетті. Қаражардағы халықтың жағдайы қиын. Не газ жоқ, не тұщы суы жоқ. Тезек арқалап, су тасып жүрген баяғы күнкөріс", - деді ол.

Айта кетейік, Байғанин ауданы апат аймағы деп саналмайды. Тек Аралға жақын аймақ ретінде экологиялық жеңілдіктер қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048679-zardaby-myn-zylga-deiin-saqtalady-aqtobe-oblysyndagy-yadrolyq-synaq-alany-bolgan-aimaq-xalqy-nege-qapaly/