Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түске дейін 200 бас киік еті өтті": Ақтөбеде рұқсат қағазымен киік еті сатыла бастады

Опубликовано:

Киік еті комбинатқа өткізу
Киік еті комбинатқа өткізу. Фото: NUR.KZ

Ақтөбеде Батыс Қазақстан облысынан әкелінген киіктер заңды түрде сатыла бастады. Аңшының сөзінше, қалада киік етіне сұраныс жоғары, санаулы сағатта 200 киіктің еті өткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбеге киік етін қырық жылдық еңбек өтілі бар Мәлік Смағұлов есімді аңшы жеткізіп жүр. Айтуынша, Батыс Қазақстан облысы аумағынан екі күнде атқан олжаны бір әкеледі. Атып әкелген киіктер Ақтөбедегі ет комбинатында бір күнде сойылады. Бұл жолы 407 бас тұтас ет әкелген. Түске дейін 200 бас киік еті өтіп кеткен.

"Киік атуға рұқсат берген соң "Охотзоопроммен" келісімшартқа отырып, БҚО Қазталов ауданында киік атып жатырмыз. "Айбек" АШК келісімшартқа отырдық. Олар сойып береді, өзіміз сатамыз. Кешкі сағат 19:00-ден таңғы сағат 6-ға дейін прожектормен атамыз. Күндіз атуға рұқсат жоқ. Соңымызда трактор, ГАЗель жүреді. Атылған киіктер бауыздалады, ішек-қарны алынады. Кейін бір түн салқын жерде ұстап, рефрижаерторға әкеледі. Рефрижератордағы температура -19-20 градус. Екі күн сақталады. Себебі 400-500 басты бір күнде ату мүмкін емес",- деді аңшы Мәлік Смағұлов.

Киік етін комбинатқа өткізу
Киік етін комбинатқа өткізу. Фото: NUR.KZ

Аңшы осыған дейін Ақтөбеге әкелген 800 бас киіктің тұтас етін шірітіп алып, көмгенін де жасырған жоқ.

"Бізге 10-желтоқсанға дейін атуға рұқсат беріп тұр. Одан соң шамалы уақыт тоқтайды деп тұр. Рұқсат берсе тағы әкелеміз. Бұған дейін 825 бас әкелдім. Ақтөбеде киікті қабылдауға болмайды деген хаттама болған. Оны ет комбинаттары білмеген. Ет комбинаттарымен келісімшартқа отырғанымызбен рұқсат бермей тастады. Екі күн өткен соң рефрижератор бұзылып қалды. Киік еті де бұзылып кетті. 50 бас бұзылған соң бәрін утилизацияға жіберуге мәжбүр болдық. Трактор жалдап, көмдіріп тастадық. Қоқыс полигоны қымбат болып, Қобда ауданындағы карьерге көмдік”,- деді аңшы.

Ақтөбелік аңшы Мәлік Смағұловтың Қобда ауданында өзінің аң шаруашылығы бар. Келісімшарт арқылы қарамағындағы 13 адам екі бригада болып, Батыс Қазақстан облысында киік атып жүр.

"Атқанда жанымызда инспекторлар болады. Киікті атқан соң мүйізді өздері кесіп алады. қанша киік, қанша еркек лақ, атылғанын есептейді. Біз басын, ішек-қарнын көмеміз. Охотзоопром арқылы шықтым бұл жұмысқа. Олар ататын аңшылар іздеді. Атудың өз ебі бар. Қуа беруге болмайды. Киікті үш минуттан артық қууға болмайды",- деді ол.

Киік еті сатылып жатқан комбинатқа келушілер көп. Киіктің қуырдағын жеуге асыққандар бірнеше тушадан алып жатыр.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048730-tuske-deiin-200-bas-kiik-eti-otti-aqtobede-ruqsat-qagazymen-kiik-eti-satyla-bastady/

pixel