Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Келер жылы да Алматыда газбен жүретін 600 жаңа автобус сатып алынады

Опубликовано:

газбен жүретін жаңа автобустар
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы аясында 2024 жылы қалада газбен жүретін 600 автобус және 100 электробус сатып алынады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Әлішер Әбдіқадыров қала экономикасын әртараптандыру, инвестициялар тарту, экологияны жақсарту туралы баяндады. Биыл 10 айда негізгі капиталға 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды. Жеке инвестициялардың өсуі 10,9%-ға дейін жеделдеді.

Ол Индустриялық аймақ пен «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының кәсіпорындары қала экономикасын әртараптандыруға негізгі үлес қосатынын атап өтті. Биыл есепті кезеңде мегаполисте 754,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Әлішер Әбдіқадыров
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы қаласы Қазақстанға келетін әрбір екінші шетелдік турист үшін тартымды болып отыр. Биыл тоғыз айда мегаполистегі туристер саны 17,5%-ға өсіп, 1,5 млн адамнан асты. Ал шетелдік туристер саны 51,5%-ға өсіп, шамамен 410 мың адамды құрады. Туристердің көптеп келуіне байланысты қала билігі орналастыру орындарын көбейтуді көздеп отыр. Жыл соңына дейін туристер саны 2 млн адамға, оның ішінде шетелдік туристер саны 500 мың адамға жетеді деп жоспарланған.

Қала тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелердің бірі – атмосфералық ауа сапасы. Алматыда автомобильдер шығарындыларының теріс әсерін азайту үшін 19 экопост, 3 жылжымалы бекет және зертхана жұмыс істейді. Олар 185 мың автокөлікті өлшеп, нормаларға сәйкес емес 29 мың автокөлікке жалпы сомасы 155 млн теңге айыппұл салынған.

«Биыл үлкен талдау жүрізіп, ауаға зиянды заттарды кімдер көбірек шығаратынын анықтадық. Атмосфераға жылына шамамен 127 мың тонна ластаушы заттар шығарылады. Оның ішінде 55%-ы – автокөліктерге, 36%-ы – стационарлық көздерге, соның ішінде ТЭЦ-2, ал қалған 9 пайызы жеке секторға тиесілі. 1 желтоқсандаға статистикаға сәйкес, Алматыда ресми түрде 600 мың автокөлік тіркелген. Күн сайын қалаға шамамен 400 мың автокөлік кіреді. Жыл санап бұл көрсеткіш артып келеді», – деді әкімнің орынбасары.

баспасөз конференциясы
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Әлішер Әбдіқадыров қала әкімдігі қоғамдық көлікті барынша экологияландыруға баса назар аударатынын атап өтті. Жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен газбен жүретін 600 бірлік автобус әкелінеді. Олардың бір бөлігі қалаға жеткізілген. Автобустан бөлек 100 бірлік троллейбус, 30-ға тарта электробус бар. Келер жылы газбен жүретін тағы 600 автобус және 100 электробус сатып алу жоспарланып отыр.

«Қалада электромобильдер саны да артып келеді. Жыл басында мұндай мыңға жуық көлік болса, 1 желтоқсанда Полиция департаментінде ресми тіркелген көлік саны 5 098 автомобильді құрады. Сонда аз ғана уақытта саны бес есе өскен», – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Биыл «Шымбұлақ» тау курортына бензинмен, дизель отынымен, газбен жүретін автомобильдердің кіруіне тыйым салынды. Ал шығарындылардың шекті рұқсат етілген нормаларының жиынтық көлемін әзірлеу аяқталуға жақын. Сондай-ақ, биыл жазда Қазақстан заңнамасына атмосфералық ауаның ластану көздерін басқаруды жақсартуға бағытталған түзетулер енгізілді.

Алматыда жасыл желектерді отырғызу және абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, 2023 жылы мегаполистің жасыл желектерінің ауданы адам басына 12 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.

баспасөз конференциясы
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

«Қаланы көгалдандыру үшін жыл басынан бастап 180 мың ағаш және 60 мың бұта отырғызылды. Санитарлық мақсатта 13,1 мың ағаш кесіліп, 2,3 млн ағаш өңделді. Жаңа ережелер бойынша жасыл желектерді био өңдеу енгізілді және санитарлық және қалыптап өңдеуге бірыңғай талаптар әзірленді», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, қалада саябақтар мен парк аумақтары жаңартылып жатыр. Абаттандыру аясында Оқушылар сарайы, ҚБТУ, Байсейітова көшесі, Әуежай даңқы, Желтоқсан саябағы, Көкмайса шағын ауданындағы саябақты қайта жаңарту аяқталды. Осылайша, жыл басынан бері саябақ аумақтарының ауданы 712-ден 977 гектарға дейін кеңейтілді.

Алматыда барлығы 153 саябақ пен сквер, 355 жаяу жүргіншілер және жасыл аймақ, 23 бульвар және 11 жағалау бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049083-keler-zyly-da-almatyda-gazben-zuretin-600-zana-avtobus-satyp-alynady/

pixel