Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы хостелден шыққан өрт: министр Саясат Нұрбек неге оқиға орнына бармағанын түсіндірді

Опубликовано:

Өрт шыққан хостел
Өрт шыққан хостел. 30 қараша. Оқиға орнынан фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Құлтай

Үкіметте өткен брифингте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы хостелде қайғылы жағдай болған кезде неге оқиға орнына бармағанын түсіндірді. Өйткені қаза тапқандар арасында студенттер де бар болатын, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Саясат Нұрбектің айтуынша, Алматыдағы хостелде төтенше жағдай болған кезде шетелде іссапарда жүрген.

"Бірақ біздің вице-министр мен білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Әділет Тойбаев дереу оқиға орнына ұшып барды.

Ол бірден үкіметтік комиссияның құрамына кіріп, осы уақытқа дейін вице-министрмен бірге Алматыда болды. Мен келген бойда бірден жұмысқа кірісіп, сол сәтте тиісті шешімдер қабылданды", - деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ брифингте министрге қаза тапқандар арасында студенттер болғандықтан, жауапкершілікті сезінесіз бе, деген сұрақ қойылды.

Журналистер министрге өзі басқаратын ведомство жатақхана тапшылығына байланысты студенттердің бір бөлігін хостелдерге орналастыруға университеттерге рұқсат бергенін де еске салды.

"Мен министр және министрлер кабинетінің мүшесі ретінде біздің салада болып жатқан барлық жағдайға жауаптымын. Сонымен қатар біздің жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасасқан 85 хостелге талаптарға сәйкестігі бойынша мониторинг жүргізілгенін атап өткім келеді. Ол жерлерде мұндай жағдайлар болмаған.

Талаптарды бұзып, мұндай қызмет көрсететін жеке ұйымдар үшін жауапкершілік ала алмаймын. Бірақ мен барлық студентке, өз салама жауаптымын", – дейді Саясат Нұрбек.

Министр студенттері өрт шыққан хостелде болған алматылық жоғары оқу орындарының жауапкершілігіне қатысты шешім үкіметтік комиссияның жұмысы аяқталғаннан кейін қабылданатынын айтты.

Бұдан бөлек, министр бұл университеттер лицензиясынан айырыла ма, ол жағы да әлі белгісіз екенін атап өтті.

Оның айтуынша, іс жүзінде университет лицензиясынан айырылса, студенттер басқа жоғары оқу орындарына жіберіледі.

Алматыдағы хостелде болған өрт

30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Әди Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.

Кейін қалалық полиция департменті қаза тапқан барлық адамның жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың тоғызы – Қазақстан, екеуі – Ресей, екеуі – Өзбекстан азаматы.

Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Сондай-ақ оқиғаға байланысты хостелдегі өрттің себептерін анықтап, зардаптарын жоюмен айналысатын үкіметтік комиссия құрылды.

1 желтоқсанда Бас прокуратура хостелді жалға беруші ұсталғаны хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049202-almatydagy-xostelden-syqqan-ort-ministr-sayasat-nurbek-nege-oqiga-ornyna-barmaganyn-aitty/

pixel