Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атыраулық дәрігерлер төмен пайызбен бастапқы жарнасыз үйлі бола алады

Опубликовано:

Қағаз толтырып отырған медицина қызметкері
Қағаз толтырып отырған медицина қызметкері. Көрнекі сурет: pixabay.com

Атыраулық дәрігерлер төмен пайызбен бастапқы жарнасыз үй ала алады. Жақында облыс әкімдігі мен "Отбасы банк" ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды "Хабар24".

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, медицина саласындағы маман тапшылығын жоюға арналған жоба алғаш рет Атырау облысында жүзеге асырылып отыр.

Жаңа бағдарлама бойынша хирург, анестезиолог, реаниматолог секілді сұранысқа ие мамандар үйлі бола алады. Дәрігерлерге бастапқы жарнасыз жеңілдетілген заем беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті әкімдік 1 млрд теңге бөліп отыр.

"Келісімшартқа қарашаның 30-ында қол қойылды. Бұл жоба Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп жасалған жоба. Ең бастысы – төмен пайыз, 5 пайызбен беріледі, сосын бастапқы жарнасыз. Тізімді құрғаннан кейін үміткерлерге жолдама беріледі. Сол жолдамемен біз қабылдаймыз. Сосын төлем қабілетіне қарай несие береміз", - дейді "Отбасы банк" АҚ ОФ директоры Нұржан Мұғалімов.

Қатысушылар тізімін облыстық денсаулық сақтау басқармасы жасайды. Кейін үміткерлер балдық жүйемен анықталады. Соның ішінде гинекология, анестезиология, реаниматология, травматология, ортопедия бөлімдеріндегі тәжірибелі мамандарға жоғары ұпай беріледі.

"Бұл өңіріміздегі кадр тапшылығын төмендетуге септігін тигізетін, басқа өңірден мамандар шақыруға қызығушылық тудыратын бағдарлама болады деп есептейміз. Құжаттар желтоқсан айының бірінші декадасынан бастап қабылдана бастайды. Ол туралы әлеуметтік желіде қосымша жариялаймыз", - дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Әбдіәлиев.

Жаңа жоба аясында кемі 40-қа жуық медицина қызметкеріне баспана беріледі, деп жоспарланып отыр. Үйдің бағасы 25 млн теңгеден жоғары болмауы тиіс. Сонымен қатар үйлі болған маман жұмыс берушімен 5 жылға дейін келісімшарт жасасып, мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуі міндет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049562-atyraulyq-darigerler-tomen-paiyzben-bastapqy-zarnasyz-ui-ala-alady/

pixel