Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралдық ұстаз еліміздегі үздік педагогтар қатарына енді

Опубликовано:

Оралдық ұстаз "Үздік педагог" атанды
Фото: Орал қаласының әкімдігі

Елімізде "Үздік педагог" республикалық байқауы қорытындыланды. Терең білімі мен тынымсыз еңбегі арқылы көзге түскен сала мамандарын Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев марапаттады. Олардың қатарында Оралдағы №16 жалпы орта білім беретін мектебінің биология пәні мұғалімі Анна Дудина бар.

"Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің №157 бұйрығы негізінде өткізілген "Үздік педагог" байқауында комиссия шешімімен мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарынан 64 ұстаз үздік атанды. Жерлесіміз Анна Дудина сол тізімге енді. Білім беру саласында оның 28 жылдық еңбек өтілі бар. Тәжірибелі, шебер маман. Кәсіби жетістіктері мол. Шәкірттері республикалық олимпиадаларда және шығармашылық байқауларда жүлдегер атанып жүр", - делінген Орал қаласы әкімдігінің ресми парақшасында.

Білім беру бөлімінің баспасөз қызметі өкілдерінің хабарлауынша, Анна Дудина мектепте жылыжай ашуға ұйытқы болған. Оқушылар сол жерде биология пәні негізінде жасыл-желек жайлы мол ақпарат алады. Білікті ұстаз өз шәкірттеріне білімді теориялық тұрғыда беріп қана қоймай, осылай тәжірибе жүзінде де үйретуден жалықпайды екен.

Республикалық байқаудың жеңімпаздарына "Үздік педагог" төсбелгісі мен куәлігі табысталды. Сонымен қатар әрқайсына 1000 АЕК мөлшерінде (3 450 000 теңге) сыйақы берілді.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 617 білім беру ұйымы бар. Ол мекемелерде 20 мыңнан астам педагог қызмет етіп жүр. Соның ішінде 300-ден астамы ағымдағы оқу жылында еңбек жолын бастаған мамандар. Анна Дудина сияқты білікті ұстаздар жас кадрларға бағыт-бағдар беріп, үлгі болары сөзсіз.

Елімізде педагогтар үшін әлеуметтік қолдау шаралары күшейіп келеді. Олардың жалақысы жылдан жылға артып, ауылдағы мамандарға қосымша бірреттік төлемдер де беріліп жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында баспана мәселесі де оңтайландырылды. Соның ішінде "Дипломмен - ауылға!" жобасы облыстың шалғай ауылдарындағы мұғалімдерге үлкен демеу болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050173-oraldyq-ustaz-elimizdegi-uzdik-pedagogtar-qataryna-endi/

pixel