Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мойнымен партаға соғылған": Ақтөбеде мектепте қайтыс болған оқушыға қатысты тың ақпарат шықты

Жарияланған күні:

Мектеп
Мектеп. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе қаласындағы №27 мектептің 7 сынып оқушысы партаға соғылып, соққыдан есінен танып құлап қалған. Оқушы ауруханада көз жұмды. Полиция бұл дерек бойынша тергеу бастады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Оқыс оқиға 14 желтоқсан күні түске дейінгі сабақ кезінде болған. Мектеп тарапынан шұғыл жедел жәрдем мен баланың ата-анасы шақырылып, бала ауруханаға жеткізілгені айтылды.

"Үшінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде 7 сынып оқушысы жүгіріп келе жатып, құлады. Құлағанда партаға соғылған. Мұғалім бірден жедел мектептің медбикесін шақырды. Сол жерде алғашқы жәрдем көрсетілді. Сол кезде жедел жәрдем және ата-анасы шақырылды. Әкесі келді. Баланың сынып жетекшісі мен әкесі жедел жәрдеммен бірге кетті. Камера бар, өзі класқа жүгіріп келген. Жазбаны полиция алды. Сүрініп құлаған. Жүгіріп келе жатқанда шалынып қалған. Әзірге ата-ана шағым айтпады. Құлағанда есінен танып қалған", - деді мектеп директоры Дәуір Төлемісов.

Мектеп басшысының айтуынша, оқиғаны көзімен көрген балалармен психолог жұмыс істеген. Қаза болған оқушыға тәртібі, үлгерімі өте жақсы деген мінездеме беріледі. Оқыс оқиға кезінде сынып ішінде 2-3 бала мен мұғалім ғана болған. Мектеп басшысы оқиғадан кейін сабақтың басқа сыныпта жалғасқанын айтты. Ал суық хабарды ауруханадан естіген. Денсаулық сақтау басқармасы баланы құтқарып қалудың мүмкін болмағанын айтты.

"Бала құлап, мойнымен үстелге соғылған. Содан кейін демалмай қалған. Жедел жәрдем бригадасы келгенше өздері көмектеспек болды. Кейін оны жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне әкелді. Жедел жәрдем мойын бөлігіндегі жабық жарақат, кеуде қуысының жарақаты диагнозын қойды. Ауруханаға әкелгенде тамыр соғысы болмады. Сағат 11:25-те биологиялық өлім тіркелді”,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Полиция оқиғаға қатысты тергеу бастады.

“14 желтоқсанда Ақтөбе қаласындағы №27 орта мектепте орын алған жазатайым оқиға фактісі бойынша Ақтөбе облысы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 141-бабы 1-бөлігі бойынша (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Барлық қажетті сараптама тағайындалды”,- деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Тергеуге оқиға болған кездегі физика пәнінің мұғалімінен бастап, мектеп директорына дейін шақырылған.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050874-moinymen-ustelge-sogylgan-aqtobede-mektepte-qaitys-bolgan-oqusyga-qatysty-tyn-aqparat-syqty/