Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі хостелдердің жайы қалай: өрт сөндірушілер рейд жүргізді (фото)

Опубликовано:

Хостел
Ақтөбедегі хостел. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгін ақтөбелік өрт сөндірушілер қаладағы хостелдерге рейд жүргізді. Олар аңғал-саңғал көріністің куәсі болды. Демалыс орындарында дабыл жүйесі істен шыққан, апаттық есіктері жоқ, қауіпсіздік талаптары сақталмаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәселен Пацаев көшесіндегі 70 адамға арналған хостелде дабыл жүйесі істен шыққан. Өрт сөндірушілер табалдырықтан аттаған бойда осындай ескерту жасады. Есік алдындағы жиһаздар қауіпті жағдайда шығу жолдарын тарылтып тұр. Хостелді аралап шыққан ТЖД бас маманы ток жүйесіндегі кемшіліктерді де көрсетті.

Ақтөбедегі хостел
Рейд. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бұл жерде розетка жанғыш материалдың үстіне орналастырылған. Бұл қауіпті саналады. Мұның астына арнайы текстолит материалы салынуы керек. Ток көзі қысқа тұйықталуы мүмкін", - деді бас маман Азамат Жұмабаев.

Қазір ел аумағында "Жатақхана" акциясы жүріп жатыр. Ақтөбелік өрт сөндірушілер шара аясында қаладағы 15 хостелді аралап шықты.

"Хостелдерде өрттің алдын-алу іс-шараларын жүргізіп жатырмыз. Негізі эвакуациялық шығу есіктеріне назар аударамыз. Сонымен бірге өрт сөндіру құралы болуы міндетті. Ток көздері де талапқа сай болуға тиіс. Профилактикалық мақсатта қарап шыққанда эвакуациялық есіктер дұрыс орналаспағаны анықталуда, өрт сөндіру құралдары да түгел емес. Тіпті дабыл жүйесі қосылмай тұр. Бәрі ескертіліп, кемшілікті жоюға ұсыныстар берілді", - деді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.

хостел
Хостел. Фото: KAZ.NUR.KZ

Рейд кезінде хостелдерде баспалдақтың алдына қойылған аяқ киімге арналған жиһазға қатысты ескерту жасалды. Бұл қауіпті жағдайда тысқа шығу кезінде қиындық туғызуы мүмкін.

Кейбір хостел қожайындары өрт сөндірушілерді өздері шақырған.

"Хостелдің ашылғанына 1 жылға жуықтады. Мұнда барлығы 30 орын бар. Капсула сұранысқа ие. Алғашында адамдарға оғаш көретін еді, кейін үйренді. Алматыда болған жағдайдан соң өрт сөндірушілерді шақырып, қажетті талаптарды білгім келді. Өрт сөндіру құралын алдық. Ал дабыл жүйесін енді іске қосамыз. Ішімдік ішкен адамдарды қабылдамаймыз. Хостел ішінде темекі шегуге болмайды. Адамдар әртүрлі. Кей кезде есірткіге мас күйде адамдар келеді. Әжетханада темекі тартады. Жасырып ішімдік әкеліп, төбелес шығарады. Ондай кезде міндетті түрде полиция шақырамыз", - деді хостел иесі Сандыбат Аликулов.

рейд
Хостелге рейд. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мамандар Ақтөбедегі хостелдерде өрт оқиғасы тіркелмегенін айтты. Ақтөбе облысы бойынша биыл жалпы саны 490 өрт оқиғасы болды. 10 адам қаза тауып, 12 адам жараланған.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049887-aqtobedegi-xostelderdin-zaiy-qalai-ort-sondirusiler-reid-zurgizdi-foto/

pixel