Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында 500-ден астам жүк көлігі тас жолдарда тоқтап қалды (фото, видео)

Опубликовано:

Жамбыл облысында 500-дей жүк күлігі жолда қалды
Оқиға орны. Видеодан кадр: t.me/POLICE_of_KZ

Ауа райының нашарлауына байланысты Жамбыл облысындағы тас жолдардың бойында 500-ден астам жүк көлігі тоқтап тұр. Жамбылдық полицейлер автожолдардағы жағдай дұрысталып, қауіп сейілгенше азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Telegram-дағы ІІМ ресми жаңалықтары арнасының мәліметінше, Жамбыл полицейлері ауа райының нашарлауына байланысты тас жолда тұрып қалған жүргізушілерге жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Өйткені суықтан алыс жолға шыққан көліктер бұзылып қалып жатыр.

"Тәртіп сақшылары жаураған жолаушыларға ыстық шәй мен нан таратып, жағдайды түсіндіруде. Алыс жолға шыққан көліктердің майы қатып, техникалары істен шығып, жолда бұзылып қалып жатыр", - деді ІІМ өкілдері.

Қорғаныс министрлігінің ресми сайтының мәліметінше, Жамбыл облысында қар құрсауында қалған жолаушыларға Қарулы күштер "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері көмекке келді. Қазіргі уақытта жүзден астам азаматқа көмек көрсетіліп, 80-нен астам көлік қар құрсауынан шығарылды.

Өткен түнде Жуалы ауданындағы Күйік асуында жүзден астам ауыр жүк көлігі қар құрсауында қалған болатын. Облыстың құтқару қызметтерімен және жол полициясы қызметкерлерімен бірге "Оңтүстік" ӨңҚ әскери қызметшілері жолда қалған көліктердің жүргізушілеріне көмекке аттанды.

Жолда қалған көліктер
Жолда қалған көліктер. Фото: Қорғаныс министрлігі

01731 әскери бөлімінен шынжыр табанды тартқыш тиеген трал, сондай-ақ кранмен жабдықталған техникалық көмек көрсету машинасы және адамдарды жылытуға арналған автобус жұмылдырылды.

"Тараздан шығып, Күйік асуына кешкі алты жарымдарда келдік. Келе сала қойылған тапсырманы орындауға кірістік. Құтқару жұмыстары таңғы алтыға дейін жалғасты. Бір түнде біз техниканың көмегімен 50-ден астам машинаны сүйреп шығардық", – деп түсіндірді 01731 әскери бөлімі штабының бастығы подполковник Серік Қалибаев.

Сондай-ақ Гвардейск гарнизонның әскери қызметшілері де Жамбыл облысының Қордай ауданында жолда қалған 30-дан астам азаматтық көлікті қар құрсауынан босатып, 60-тан астам адамға жәрдем көрсетті. Олар әскери камаздардың жолаушылар салонында жылынуға мүмкіндік алды.

Жолда қалған жүк көліктері
Жолда қалған жүк көліктері. Фото: Қорғаныс министрлігі

"Біз қиындыққа тап болғандарға әрқашан көмек қолын созуға дайынбыз. Адамдардың қауіпсіз екеніне көзіміз жеткенше құтқару жұмыстары жалғаса береді", – деді "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қуанышбек Үштаев.

Сонымен қатар "Оңтүстік" ӨңҚ-ның әскери техникасы Жетісу облысының Жаркент ауданында да жолда қалған жүк көлігі жүргізушілеріне көмекке келді.

Құтқару іс-шараларына барлығы 37 әскери қызметші мен 18 техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, бұған кейін көлік министрлігі ауа райының нашарлауына байланысты дизель отынымен жүретін көліктерге шектеу қойып, жүргізушілерге үндеу жасаған болатын.

Кейін ТЖМ Қазақстанның 5 өңіріндегі бірқатар автожолда көліктің барлық түрі үшін қозғалыс жабылып, бөлімшелер күшейтілген режимге көшкенін мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050912-zambyl-oblysynda-500-den-astam-zuk-koligi-tas-zoldarda-toqtap-qaldy-foto-video/

pixel