Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында ауыл тұрғындары жолды жауып тастады (фото, видео)

Опубликовано:

Ащыбұлақ ауылының тұрғындары жиналып тұр
Ащыбұлақ ауылының тұрғындары жиналып тұр. Фото: KAZ.NUR.KZ/Нұрила Ермекбаева

Алматы облысы Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылының тұрғындары көлік жолын жауып тастады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі оқиға орнынан.

Ауыл тұрғындарының бұл әрекетіне ауылда электр жарығының жиі өшіп қала беруі себеп. Жиналғандар жарық өшсе, түгелдей өркениеттен жұрдай қаламыз деп отыр.

"Жиі өшеді, кеше де, бүгін де өшіп қала берді. Мына сықырлаған аязда тоңып отырмыз. Бала-шағамыз бар, олардың қамын ойлап отырған ешкім жоқ. Неге бұл мәселені жоғарыда отырғандар шешпейді?" - деп ашынды тұрғындардың бірі.

Түн ортасында жиналған Ащыбұлақ тұрғындары
Түн ортасында жиналған Ащыбұлақ тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ/Нұрила Ермекбаева

Сондай-ақ тұрғындар жарық күнде өшетінін, газ қазандықтарында су қатып қала беретінін айтып шағымданған.

"Жаздай осылай болған. Ол кезде жаз ғой деп тыныш болған, қазір күнде өшетінді шығарды. Теледидарымыз бен тоңазытқыштарымыз күйіп кетіп жатыр. Бір сағат жағады, бір сағаттан соң өшіреді. Жарыққа 34 теңгелік тарифпен ай сайын төлейміз, бірақ соған сай қызмет ала алмай отырмыз. Бұл не сұмдық?" - дейді ауылдықтар.

Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбаев оқиға орнына келіп, тұрғындармен сөйлескен. Бастапқыда әкімдік өкілдері ауыл әкімі еңбек демалысында екенін айтқан. Алайда кейінірек оқиға орнында бой көрсеткен әкім жиналған жұртқа электр станциясында апат болғанын хабарлады.

"Мына жерде қаншама халық тұр. Керек болса, әр үйге кіріп шығамыз. Бірақ мына жолды босатайық. Таңға дейін тұрамын осы жерде", - дейді әкім Жасұлан Оңалбаев жиналғандарға. Алайда тұрғындар жарық берілмейінше тарқамайтынын айтқан.

Оқиға орнындағы тілшіміз ауылдықтар жиналған жерде полиция қызметкерлері барын хабарлады.

KAZ.NUR.KZ тілшісі облыс әкімдігіне жағдайға қатысты сауалхат жолдады.

Ауылдықтар жолды жапқаннан кейін тура бір сағат өткенде жарық беріліп, жиналғандардың кейбірі тарқай бастады.

Айта кетейік, "Қазгидромет" РМК мамандары 15 желтоқсанда Алматы облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жариялаған болатын. Облыста солтүстік-шығыстан жел соғатыны, облыстың солтүстігінде, орталығында 18-23, екпіні 28 м/с болатыны хабарланған.

Еске салайық, Алматы облысындағы республикалық трассаларда автокөлік кептелістері пайда болған. Республикалық маңызы бар автожолдарда күшейтілген режимде қардан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050933-almaty-oblysynda-auyl-turgyndary-zoldy-zauyp-tastady-foto-video/

pixel