Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысындағы аудандардың бірінде тұрғындар бір аптадан бері жылусыз отыр (видео)

Опубликовано:

Ілеу ауданы тұрғындары
Жылусыз қалған Ілеу ауданы тұрғындары. Скриншот: almaty.tv

Алматы облысы Іле ауданы тұрғындары газ қысымының төмендеуі салдарынан бір аптадан бері жылусыз отыр. Бұл туралы Almaty.tv арнасы хабарлайды.

Телеарна ақпараты бойынша, Іле ауданы Нұрғиса Тілендиев ауылының тұрғындары үйде сырт киіммен жүруге мәжбүр. Азаматтар газ қысымы төмендеп, мүлде жылу бермейтінін айтып, шағымдануда.

"Газдың түбіртегі келгенде уақытынан кешіктірмей төлейміз. Өткен айда 11 800 теңге төледім. Газ қысымы төмен, үй суық, бірақ төлейміз. Әйтпесе сөндіріп тастайды. Ал сөндіріп тастаса, 20-30 мың теңге төлемей, қайта қоспайды", – дейді ауыл тұрғыны Айдар Қашқынбаев.

Телеарна мәліметіне сүйенсек, жергілікті әкімдік ауылдың 96 пайызы газ құбыры желілеріне қосылғанын айтқан.

Дегенмен ауыл тұрғындары есеп құралы тоқтаусыз айналып тұрғанын, бірақ газ қосылмайтынын, ақша ауаға кетіп жатқанын атап өтті.

Ауыл азаматтары көк отынның тарифтік бағасын төмендетіп беруді талап етуде. Себебі газ қосылмағанның салдарынан олар көмір алып, қосымша шығындалуға мәжбүр.

Ал жергілікті билік газға жауапты компанияға сеніп отырғанын алға тартып отыр. Олардың сөзінше, халық саны артқан сайын түсетін жүктеме көтерілген.

"Ауылда 838 аула бар, соның ішінде 808 үйге жылу құбыры тартылған. 4 мыңға жуық халық бар. Бәрі жылусыз отыр деп айта алмаймын", – деді Қараой ауылдық округі әкімінің орынбасары Тұрлыбек Анықов.

Телеарна мәліметіне сүйенсек, көпшілікке газ құбырының орналасу картасын көрсеткен компания өкілі 10 күн ішінде бәрін шешетінін айтып, сендірген. Оның айтуынша, алыстан келген көк отынды ауылға кіргізу қиынға соққан.

"Біз 11 шақырым газ трассасын аяқтадық. Қазір 1 шақырым ғана қалды. Қазір Чапаев, Жарқын, Жастар сынды өзге де ауылдарда газ қысымына қатысты мәселе туындап жатыр. Жобаны аяқтаймыз, мәселе шешіледі", – деді "Алматыгазсервис-Холдингі" директорлар кеңесінің төрағасы Василий Тен.

Сондай-ақ телеарна мәліметінше, бұл мәселе былтыр да орын алған.

Ауылдағылар электр пешін сатып алуға мәжбүр. Ал электр пешін ала алмай отырғандар әзірге не істерін білмей отыр.

Авторлар: Әлібек Шынтемір, Рашиддин Якупов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050964-almaty-oblysyndagy-audandardyn-birinde-turgyndar-bir-aptadan-beri-zylusyz-otyr-video/

pixel