"Ұйымдастырудан кемшілік кеткен": Ақтөбе облысында жол апатына түскен оқушыларға қатысты тың дерек шықты
Жарияланған күні:
Олимпиадаға бара жатып жолда ажал құшқан ақтөбелік екі оқушының өліміне қатысты тексеру жұмыстары басталды. Апатқа ұшыраған көлікті полиция ертіп жүрмегені белгілі болды. Бүгін облыс әкімінің орынбасарынан бастап, бірнеше басқарма басшылары оқиға болған ауылға арнайы барады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
19 желтоқсанда екі оқушы мен бір мұғалімнің өмірін жалмаған жол апатына қатысты Ақтөбе облысының әкімдігінде брифинг өтті.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарынан бастап, денсаулық, білім басқармасының басшылары және полиция департаментінің өкілдері қайғылы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, зардап шеккен төрт адам аудандық ауруханада жатыр.
"Бұл оқиға орны толмас жағдай болып отыр. Бүгінгі таңда ауруханада жатқан балалардың жағдайы облыс әкімі Асхат Берлешұлының жеке бақылауында. Қазір осы жиыннан кейін облыстық білім басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, мен Ырғыз ауданына іссапарға жүреміз. Үш адам өлімі тіркелді. Төрт адам аудандық ауруханаға орналастырылды. Жалпы балаларды олимпиадаға тасымалдау мәселелерінің барлығы белгіленген бұйрыққа сәйкес білім бөлімдеріне және сол жергілікті жердегі мектептердің басшыларына жүктелген. Ұйымдастыру кезінде кемшіліктер кетіп отыр. Жалпы балаларды олимпиада немесе қандай да болмасын шығармашылық шараларға қатыстыру үшін арнайы автобустар қарастырылмаған. Облыстық білім басқармасына қарасты 148 автобус мектептерден 3 шақырымнан артық қашықтықта тұратын балаларды мектепке тасымалдауға ғана жұмылдырылып отыр", - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.
Оқушылар сол күні өтетін республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне Жаныс би ауылынан таңертең шыққан. Білім басқармасы олимпиадаға баратынбалаларды полициямен алып жүру туралы үш күн бұрын өтініш түсірген.
"Ауа райының қолайсыздығына байланысты ата-аналар полиция алып жүретін көлікпен баруға рұқсат бермегенге ұқсайды. Содан бір оқушының ата-анасы мен "Toyota Alphard" көлігінің жүргізушісі туыс болған. Соған балалар мінген. Егжей-тегжейін барған соң білеміз. Нақты айта алмай отырмыз. Екі көлікті полиция алып жүрген. Олар дін аман жеткен. Ал апатқа ұшыраған көлікті полиция алып жүрмеген. Жаныс би ауылынан барлығы 10 бала бармақ болған. 5 бала екі көлікке мінген, қалған бесеуі бір көлікте болған", - деді облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, көлікте болған ер адам және 2007 жылғы екі жасөспірім оқиға орнында қаза тапты. Көліктегі қалған үш бала Ырғыз аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жүргізуші аман.
"Ауруханаға жеткізілген жасөспірімдер тексеруден өтіп жатыр. 2007 жылы туған қыз жабық ми жарақатын алған. Миы шайқалған, бастың маңдай бөлігі жарылған. Сол жақ тізе буынын соққан. 2009 жылы туған оқушы қыз да жабық ми жарақатын алған. Сол жақ құлағы соғылып, жараланған. Ал 2008 жылы туған ер бала да жабық ми жарақатын алған. Миы шайқалып, сол жақ кеуде қуысын соққан. Қазір үш баланың жағдайы орташа ауыр. Жарақат алған балаларға қатысты телемедицина өтті. Емдеу тактикасы шешіледі. Егер қажет болса облыс орталығына жеткізіледі. Жүргізушінің көп жарақаты жоқ. Психологпен сөйлесіп жатыр", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Полиция департаментіндегілер жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалатынын жеткізді.
"Тапсырыс үш күн бұрын берілген. Бұл жерде көп оқушы олимпиадаға барып жатыр. Көпшілігі аман-есен, төрт көзі түгел келіп жатыр олимпиадаға. Алайда "Toyota Alphard" автокөлігі сұраныстар арасында жоқ. Сұраныс берген басқа ауылдың балалары аман-есен жеткізілді. Қазір Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша іс қозғалды. Және де екінші қылмыстық іс қозғалды. 141-бап бойынша, яғни, балалардың өмірі мен денсаулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін. Бұл қылмыстық іс аясында қазір жауапты тұлғалардың жауапкершіліктері қаралады", - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов.
Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында аудандық олимпиадаға бара жатқан ауыл мұғалімі мен екі оқушы жол апатынан көз жұмды. Мұғалім бес оқушымен бір таксиге мінген. Жолда оқушылар мінген көлік жүк көлігімен соқтығысқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051528-uiymdastyrudan-kemsilik-ketip-otyr-aqtobe-oblysynda-zol-apatyna-tusken-oqusylarga-qatysty-tyn-derek-syqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.