Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Генерал-лейтенант шенінен айырылды": ҰҚК шекара қызметінің экс-басшысы сотталды

Опубликовано:

Дархан Ділманов
Дархан Ділманов. Фото: ҚР ҰҚК ресми сайты

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің бұрынғы директоры Дархан Ділмановқа қатысты үкім шықты - ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Әскери сотқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Алматы гарнизонының әскери сотының хабарына қарағанда, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары - Шекара қызметінің директоры Ділманов пен басқа да лауазымды тұлғалар ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдаланды және ірі мөлшерде пара алды деп айыпталған.

"Д.Е. Ділмановқа ҚХР-дан Қазақстанға жүктерді өткізу пункті арқылы ауыстырып тиеудің әзірленген қылмыстық схемасы және оны енгізуге жәрдемдесу қажеттілігі айтылған, бұл схема сәтті жүргізілсе, ол одан белгілі бір табыс алатыны анықталды. Жүктерді өткізу пункті арқылы ҚХР-дан ҚР-ға ауыстырып тиеудің құқыққа қарсы схемасын енгізу салдары (1750 айналма рейс жасалған) үлкен залалға әкеп соқты", - делінген сот хабарламасында.

Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтары, әскери-жарғылық зерттеулер, сараптамалардың қорытындылары, құжаттық тексерулердің актілері арқылы дәлелденгені атап өтілді.

Прокурор сотталушыларға мүлкін тәркілеп, 4 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Ділманов пен істің басқа да қатысушылары кінәсін толық мойындағаны айтылады, олар соттан жасаған ісіне өкініп, жазаның жеңіл түрін тағайындауды, сондай-ақ жазаның қосымша түрлерін қолданбауды сұраған.

"Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіп дәрежесін ескере отырып, сот Д.Ділмановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 450-бабының 2-бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Ділмановты "генерал-лейтенант" әскери атағынан, мемлекеттік наградасынан (ІІ дәрежелі "Айбын" ордені) және "ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері" құрметті атағынан айыру туралы президентке ұсыныс енгізілді", - делінген сот хабарында.

Тағы бір сотталушыға 1,2 млн теңге пара бергені үшін 38 млн теңге айыппұл салынды. Қалған сотталушыларға мүлкі тәркіленбестен 3,5 жылдан 5,5 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Дархан Ділманов 2022 жылдың жазында ұсталған еді.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары - ҰҚК Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Дархан Ділманов Қазақстан-Қытай шекарасының шекара бекеттерінде анықталған билікті теріс пайдалану фактілері бойынша тергеу аясында уақытша ұстау изоляторына қамалған. Онымен бірге Алматы облысы бойынша департаменті "Нұр Жолы" шекара бақылау бөлімінің бастығы және басқа да лауазымды тұлғалар изоляторға қамалған.

25 маусымда Дархан Ділманов екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Биылғы ақпанда сот Шекара қызметінің бұрынғы басшысын қамауға алу мерзімін ұзартқан.

Бұған дейін Ділмановтың 1986 жылдан 1998 жылға дейін МҚК/ҰҚК шекара әскерлерінде офицерлік қызметте болғанын жазған едік. Ол 1998 жылдан 2015 жылға дейін ҰҚК Шекара қызметінде басшылық қызметтер атқарды. 2015 жылғы 14 шілдеден бастап ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры болды. 2022 жылдың 5 сәуірінде ол бұл қызметінен босатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052407-general-leitenant-seninen-aiyryldy-uqk-sekara-qyzmetinin-eks-bassysy-sottaldy/

pixel