"Қағаз сияқты жанып жатты": Атырауда өртенген үйдің тұрғындары мердігер мекемеге наразы
Жарияланған күні:
Атырауда Жаңа жыл түні Family тұрғын үй кешенінен өрт шықты. Аз уақыт ішінде жаңадан берілген тоғыз қабатты үйдің бір жақ беті түгел өртке оранған. Таңды далада атырған тұрғындар мердігер мекеменің кеңсесіне жиналып, наразылығын білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Атырау қаласы, "Нұрсая" ықшамауданы, Елорда, 6 мекенжайында орналасқан Family тұрғын үй кешенінің қаптамасынан өрт шыққаны туралы хабарлама ТЖД бөліміне 1 қаңтарда сағат 2:30 шамасында түскен. Дереу оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тұрғындарды оқшаулап, өртті 47 минутта жойған.
Пәтер иелерінің айтуынша, өрт сөндіру көліктері батпақтың кесірінен үйдің артына, яғни өрт шыққан жерге өте алмаған. Үйдің алдына тоқтап, жоғарғы қабатқа көтеріліп өшіруіне тура келген.
"Өрт шықпас бұрын төсегімді салып, ұйықтайын деп жатқан едім. Алдымен қатты дауыстар шықты. Мән бермедім. Кейін тағы қайталанып, күйіктің иісін сездім. Сосын көршілер есігімді қағып, тез далаға шығу керегін айтты.
Дереу сыртқа шықтық. Үйдің сырты лапылдап жанып жатыр екен. Бәрі де қас пен көздің арасында болды. Өртсөндірушілер келіп, біраз әбігерге салынды. Өйткені үйдің айналасында өрт сөндіру көліктері кіретін жол жоқ. Лаулаған от тез таралып, кесірінен үйдің бір жағының сырты түгелге жуық жанып кетті. Қағаз сияқты жанып жатты. Барлығы реттелгенше аулада таңға дейін жүрдік", - дейді өрт шыққан блоктың тұрғыны Майра Ахатова.
Зардап шеккендер жоқ. Бір тұрғынның терезесі сынған. Тұрғындар өрттің тез таралуына үйдің сапасыз полифасадпен қапталуы себеп болған дейді. Алайда мердігер мекеме өкілдері өрттің шығуы тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамай, отшашу атқанының кесірі екенін алға тартады.
"Полифасад өндіретін бірнеше қазақстандық мекемемен келісімшартымыз бар. 8 жылдан бері серіктеспіз. Арнайы сертификаты болғандықтан, біз де сол компанияға сендік. Мынадай жағдай алғаш рет болып отыр. Тұрғындардың да кінәсі жоқ емес. Қауіпсіздік ережелері сақталмай, отшашу атқан. Соңы осындай жағдайға әкелді.
Құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп, кінәліні анықтайды. Біз өз кезегімізде үйдің бүлінген жерін бір апта ішінде жөндейміз деп уәде береміз. Қазіргі уақытта осы жағдай бойынша кеңес өткіземіз", - дейді "Сартай Энерго Сервис" құрылыс компаниясының директоры Тимур Өтемұратов.
Алайда тұрғындардың мердігер мекемеге қояр талаптары үйдің сыртын жөндеумен шектелмеді. Үй алған уақыттан бері бір жылдан асқан. Алайда үйдің айналасындағы қоқыстар уақытылы жиналмайды, апаттық шығу жолдарында асфальт төселмеген, мүгедектерге арналған жеделсаты да істен шыққан, дейді тұрғындар.
"Қанша рет арыздандық, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Балаларымыз мектепке саз балшық жолмен барады. Оған да көндік. Біз үйіміздің сыртын түгел сапалы материалмен қаптауын талап етеміз. Өйткені ертең мұндай жағдай тағы қайталанбасына кім кепіл? Оның артында адам өмірі тұр. Дереу мәселені шешіңіздер", - деп тарқасты тұрғындар.
ТЖД баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, өртті сөндіруге 8 техника, 53 қызметкер жұмылдырылған. Енді өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Материал авторы: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053540-qagaz-siyaqty-zanyp-zatty-atyrauda-ortengen-uidin-turgyndary-merdiger-mekemege-narazy/