Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау облысында неге жарты тонна балық қырылып қалды: мамандар себебін түсіндірді

Жарияланған күні:

балық
Жағадағы балық. Көрнекі фото: pixabay.com

Атырау облысы Жылыой ауданында балық жаппай қырылып жатыр. Жем өзенінің "Соленый" көліне құятын арнадан мамандар бір күнде 441 кг өлі балық жинап алған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өлген балықтар түсірілген видео әлеуметтік желідегі пабликтердің бірінде жарияланған.

AQIQAT қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллиннің айтуынша, балықтар Құлсары қаласының кіреберісінде орналасқан теміржол мен тасжолдың ортасынан өтетін арнада қырылған. Атырау шаруаларының мәселесін көтеріп жүрген қоғам белсендісі мұндай жағдай құзырлы мекемелердің, жергілікті атқарушы органдардың жауапсыздығынан орын алды дейді.

"Қыс кезінде суға мұз қатып, ауа температурасы төмендейді, яғни балықтарға су астында ауа жетіспейді. Қыстан аман шығуы үшін мұз астындағы балықтарға оттегінің жеткілікті болуы өте маңызды. Жауапты мекемелер осыны ескеріп, алдын ала мұзды ою жұмыстарын жүргізуі керек еді. Ал ол жұмыстар атқарылмаған, салдарынан қаншама балық қырылып қалды. Осы үшін үкіметтен үлкен қаражат бөлінеді. Қайда кетті сол ақша? Демек, ақша мақсатты жұмсалмаған", - дейді Ғазиз Ғабдуллин.

Жылыой ауданының әкімдігі өкілдері балықтардың жаппай қырылғанын растады. Видео тарағаннан кейін оқиға орнында Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен экология департаментінің қызметкерлері мәселенің мән-жайын анықтау үшін жұмыс жүргізген.

"Барлық сынама алынды. Арнайы топ балықтың қырылу себебін анықтамақ. Ал қырылып қалған балықтарды ережеге сәйкес кәдеге жарату үшін қайта өңдеу жұмыстары (утилизация) жүргізіледі", - дейді Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілі.

Атырау облысы бойынша экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, "Соленый" көліне құятын арнада мөңке балығының қырылуы тіркелген және 2 қаңтар сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қырылған балықтың салмағы 441 кг-ны құраған. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өлген балықты жинау, кейіннен жою жұмыстары ұйымдастырылған.

"Бүгінде қырылған балықты жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Балық қырылған жерден зертханалық зерттеулер үшін балық және су сынамалары алынды. Алдын ала болжам бойынша, балықтың қырылуы судағы оттегінің жетіспеушілігінен және температураның төмендеуі кезінде арнада мұз қатуынан болған", - дейді Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметінің мамандары.

Мамандардың айтуынша, көктемгі су тасқыны кезінде Құлсары қаласын су басудың алдын алу мақсатында судың артық көлемі балық қырылған арна арқылы "Соленый" көліне жіберілген. Бұл су айдындары Атырау облысының Жылыой ауданында орналасқан. Арнаның ұзындығы - 3 шақырым. Бұрын-соңды арнада балықты құтқару жұмыстары жүргізілмеген.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053780-atyrau-oblysynda-nege-zarty-tonna-balyq-qyrylyp-qaldy-mamandar-sebebin-tusindirdi/