"Қысым көріп жүрміз": Атырауда емхана қызметкерлері наразылыққа шықты
Жарияланған күні:
Атырауда дәрігерлер наразылыққа шықты. Емхана қызметкерлері екі жылдан бері басшылықтан қысым көріп жүрміз дейді. Үстеме ақы мен сыйақыға да жарымадық деген медицина мамандары директордың қызметтен кетуін талап етуде, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна ақпаратынша, Атыраудағы "Геолог" емханасындағы медицина мамандары "наразылыққа шығудан басқа амалымыз қалмады" деп отыр. Айтуынша, екі жыл бұрын келген басшы дәрігерлер пен мейірбикелерге қысым көрсетіп қудалап, ұжымға іріткі салған. Осыған дейін үстеме ақы мен сыйақыны да толық алып келген олар "жаңа басшылық келгелі бәрінен қағылдық" деп ашынды.
"Біз дифтөлем мен МӘМС уақтылы төленсін деп сұраймыз. Күні бүгінге дейін соны алу үшін айқай-шумен, жиналыс жасап қана аламыз. Кім жиналыста сөйлейді, кім ұнамай қалады, кім чатқа шығады, сол кісілердің барлығын шақырып алып, «сіз жұмыстан боссыз» деп. Бүгін естідік, бас мейірбикені жеке шақырып алып, «бүгіннен бастап жұмыстан боссыз» депті", - деді емхана қызметкері Сәбира Байбосынова.
"Қазіргі директорымыз 2021 жылы келді. Бұл директор келгеннен бастап бізде қосымша ақы беруден қалды. Біріміздің орнымызға біріміз жұмыс істейміз. Екінші кісінің ақшасы берілген жоқ. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасына арызданып, өз атыммен арыз тіркедім. Маған директор тарапынан қысым көрсетілді", - деді емхана дәрігері Әсел Ешманова.
"Айрандай ұйыған ұжымға ірікті салды" деп шулаған ақ халаттылар қазіргі басшыларының қызметтен кетуін талап етуде. Алайда "Геолог" емханасының директоры Меруерт Өтеғалиева қарамағындағы қызметкерлердің сөзін жоққа шығаруда. Ал үстемеақы мен сыйақы берілмесе, құзырлы органдарға арыздансын деп отыр.
"Екі жылдан бері дифтөлем, ештеңе алмай жүрмін десе, құзырлы органдарға жазсын. Сол жерден көтеріп, дифтөлем, үстеме ақысын, бәрін шығарып берсін. Менің ешқандай қарсылығым жоқ", - деді "Геолог" емханасының директоры Меруерт Өтеғалиева.
Осы шудан кейін ақ халаттылардың жанайқайына Облыстық денсаулық сақтау басқармасы назар аударды. Енді олар қызметтік тексеріс жүргізбекші.
"Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан күні ертең ресми қызмет тексерісі басталады. Оның құрамына заңгер, экономист, бухгалтерия бойынша мамандарымыз қосылады", - деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілова.
Дегенмен бұл емхана ұжымы бірнеше рет басқармаға арыз-шағым жазған. Шу шыққан сайын қызмет тексерісі ашылады екен. Бірақ бірде-бірінен нәтиже шықпапты.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054202-qysym-korip-zurmiz-atyrauda-emxana-qyzmetkerleri-narazylyqqa-syqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.